in

Ресейде тұрғын үйде газ жарылып, жоғарғы қабаттар қирады: қаза тапқандар бар (фото, видео)

Ресейдегі Алтай өлкесінің Кулунда ауылында орналасқан бес қабатты үйде газ жарылып, салдарынан жоғарғы қабаттары қирады. Қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды astana24.com.

РБК агенттігінің жергілікті тергеу органдарына сілтеме жасап жазуынша, Алтай өлкесінің Кулунда ауылындағы Механизаторская көшесінде орналасқан көппәтерлі үйде газ жарылып, екі кіреберістің төртінші және бесінші қабаттары опырылып түскен.

Бұл дерек бойынша "Тұтынушылардың өмірі немесе денсаулығы қауіпсіздігінің талаптарына сай келмейтін жұмыстарды орындау не қызметтерді көрсету" бабымен қылмыстық іс қозғалған.

Алтай өлкесі бойынша ТЖМ бас басқармасының баспасөз қызметі мамандар жарылыс салдарынан шыққан өртті сөндіріп, жергілікті тұрғындарды эвакуациялап жатқанын хабарлады.

Зардап шеккендер туралы ақпарат әзірге нақтыланып жатыр.

Эвакуацияланған тұрғындар үшін Кулунда ауданындағы мектептердің бірінде уақытша орналастыру пункті ашылған.

SHOT мәліметінше, төтенше жағдай салдарынан шамамен 15 адам зардап шеккен, алдын ала дерек бойынша қаза тапқандар бар. Оқиға орнында барлық жедел қызмет жұмыс істеп жатыр.

ТАСС агенттігі алдын ала мәліметтерге сүйеніп, 14 адамның зардап шеккенін хабарлады. Бір адам үйінді астында қалуы мүмкін.

Ал РИА Новости бір адамның қаза тапқанын жазды. Тергеу органдары растаған ақпаратқа сәйкес, марқұм – оқиға ошағымен көршілес пәтерде болған 1974 жылы туған ер адам.