in

Алдағы күндері Қазақстанның сегіз облысында жел күшейеді

26 және 27 қарашада елдің бірнеше өңірінде желдің екпіні күшейеді. Болжам бойынша, жел екпіні кей жерлерде секундына 30 метрге және одан да жоғары жылдамдыққа жетеді, деп хабарлайды "Қазгидромет" РМК синоптиктері.

Ақтөбе облысында 26 қарашада солтүстік-батыстан және батыстан соғатын желдің жылдамдығы секундына 15-20 метрге жетеді. Өңірдің батысында, солтүстігі мен шығысында жел екпіні 23-28 м/с, кей жерлерде 30 м/с және одан да жоғары болады.

Қостанай, Солтүстік Қазақстан және Ақмола облыстарында екі күн бойы екпіні күшті жел соғады. 26 қарашада жел екпіні 30 м/с және одан да жоғары болуы мүмкін. Ал 27 қарашаға қараған түні облыстардың батысында, солтүстігі мен шығысында осындай жылдамдықтағы жел соғады. Көкшетауда да 26 қараша күндіз және 27 қарашаға қараған түні желдің екпіні 30 м/с және одан жоғары болады.

Павлодар облысында 27 қарашада жел күшейеді. Қарағанды облысында 26 және 27 қарашада екпінді жел соғады. Әсіресе, 27 қарашаға қараған түні екпіні кей жерлерде 30 м/с-тан асуы мүмкін.

Түркістан облысының кей аудандарында да 26 қарашада жел екпіні 30 м/с және одан жоғары болады. Осындай жағдай Жамбыл облысы мен Таразда да болжанып отыр. Онда жел 26 қараша күндіз күшейеді.