Күні кеше аса қажеті жоқ деп саналып келген ақылды құрылғыларсыз бүгінде күнделікті өмірімізді елестету не себепті қиын? Технологиялар қоғамдағы қалыптасқан нормаларды, жайлылық туралы түсінігімізді және өз уақытымызға деген көзқарасымызды қалай өзгертіп жатқанын талдап көрейік.
Әр ұрпақтың тұрмысқа қажетті дүниелер туралы өз түсінігі бар. Бір кездері кір жуғыш машина сән-салтанаттың белгісі саналса, ұялы телефон адамның мәртебесін айқындайтын. Ал азық-түлікті үйге жеткізу қызметі тек ірі қала тұрғындарына қолжетімді мүмкіндік болып көрінетін.
Қажетті дүниелер туралы түсінігіміз технологияның дамуынан бөлек, айналамыздағы адамдардың ықпалынан кейін де өзгереді. Өзгелердің күн тәртібін қалай ұйымдастыратынын, бос уақытын қалай өткізетінін, жақындарына қалай қамқорлық жасайтынын байқай отырып, өз әдеттерімізді қайта қарастырамыз. Осы құбылыстың бір көрінісі – технологиялық FOMO.
Ақылды технологиялар дәуіріндегі FOMO
FOMO (fear of missing out) термині әлеуметтік желілер дәуірінде кеңінен таралды. 2013 жылы психолог Эндрю Пшибыльский мен оның әріптестері бұл құбылысты өзгелер қызықты әрі маңызды тәжірибелерді бастан өткеріп жатқанда, солардың бір бөлігі бола алмаудан туындайтын алаңдаушылық деп сипаттаған.
Бұрын бұл құбылыс көбіне әлеуметтік өмір – саяхат, кештер, түрлі іс-шаралар және жаңа таныстықтар тұрғысынан қарастырылса, бүгінде айналамыздағы адамдардың өмір салтының өзі осындай алаңдаушылық тудыруы мүмкін.
Біз өзгелердің жұмыста жасанды интеллектіні қалай қолданатынын, смарт құрылғылар арқылы денсаулығын қалай бақылайтынын немесе үй шаруасын қалай ұйымдастыратынын көріп жүрміз. Бұл ретте бізді технологияның өзі емес, оның беретін мүмкіндіктері көбірек қызықтырады. Робот шаңсорғыш демалыс күндері бос уақыттың көбеюімен, үй жануарларына арналған автоматты жемсалғыш ұйқыны қандыру мүмкіндігімен, ал ЖИ-көмекшісі бар ақылды колонка күнделікті істерді ыңғайлы ұйымдастырумен байланыстырылады.
Осы тұрғыдан алғанда, технологиялық FOMO-ны біз үйренген өмір салты мен технологиялардың арқасында қолжетімді бола бастаған жаңа өмір салты арасындағы айырмашылыққа берілетін реакция деп қарастыруға болады.
Технологиялар қоғамда жаңа норманы қалай қалыптастырады
Британиялық әлеуметтанушы Элизабет Шоув өзінің Comfort, Cleanliness and Convenience: The Social Organization of Normality атты еңбегінде қоғамның тазалық, жайлылық және қолайлылық туралы түсінігі қалай өзгеретінін зерттеген. Жаңа технологиялар таралған сайын күнделікті әрекеттерді орындау тәсілі ғана емес, қоғамның нені қалыпты деп қабылдайтыны да өзгереді.
Мұның айқын мысалы — ақылды үй технологиясының дамуы. Жуырда ғана үйдегі жарықты дауыспен басқару технология әуесқойларына арналған ермек сияқты көрінетін. Алайда үйдегі құрылғыларды осылай басқару әдетке айналғанда, жарықты қосу немесе өшіру үшін әр жолы ажыратқышқа бару артық әрекет болып көріне бастайды.
Жаңа норма бірден қалыптаспайды. Біраз уақыт бойы әр түрлі мінез-құлық үлгілері қатар жүреді: бірі белгілі бір жайлылық деңгейіне үйреніп үлгерсе, енді бірі оны әлі де қажет деп санамайды. Технологиялық FOMO дәл осындай өтпелі кезеңдерде айқын байқалады.
Неліктен айналамыздағы адамдардың әдеттері жарнамадан гөрі әсерлі бола түседі
Инновациялар диффузиясы теориясының авторы, америкалық әлеуметтанушы Эверетт Роджерс жаңа технологиялардың таралуына ықпал ететін факторлардың бірі ретінде өзге адамдардың оларды пайдалану нәтижесін бақылау мүмкіндігін атап өткен.
Құрылғының техникалық сипаттамалары оның күнделікті өмірімізге қаншалықты үйлесетінін түсінуге әрдайым көмектесе бермейді. Оны адамдардың үй жағдайында қалай пайдаланып жүргенін өз көзіңмен көрген әлдеқайда тиімді.
Мысалы, ақылды колонканы ешқашан қолданып көрмеген адам оны тек дыбыс шығаратын құрылғы деп қабылдауы мүмкін. Алайда ЖИ-көмекшісі отбасының күнделікті өмірінің бір бөлігіне айналған үйге барғанда, оның мүмкіндіктері әлдеқайда көп екенін аңғарады.
Алиса уақытында оянуға, ауа райы болжамын білуге және сүйікті музыканы қосуға көмектеседі. Асүйде одан тағамның рецептісін сұрауға, жетіспейтін ингредиентті немен алмастыруға болатынын немесе тағамды пеште қанша уақыт пісіру керегін білуге, сонымен қатар таймер орнатуға болады.
ЖИ-көмекшісінің мүмкіндіктері күнделікті тұрмыстық міндеттермен шектелмейді. Алиса бейтаныс ұғымды түсіндіріп, қызықты дерек айтып, отбасымен бос уақытты өткізуге қатысты идеялар ұсына алады. Балалар одан ертегі айтып беруін сұрап, ойын ойнап немесе қоршаған орта туралы жаңа мәлімет біле алады. Ал кешке оның көмегімен ақылды үй құрылғыларын басқаруға болады.
Ақпарат алу әдеті де өзгереді: адам әр жолы смартфонын алып, іздеу жүйесін ашудың орнына, істеп жатқан жұмысын тоқтатпай-ақ сұрағын дауыстап қоя алады.
Әлеуметтік желілер өзгелердің тәжірибесін бақылау мүмкіндігін еселеп арттырады. Таңғы әдеттер туралы видеолар, аэрогрильде тағам әзірлеу рецептілері, үйге сатып алынған заттарға шолулар мен үй кеңістігін ұйымдастыру туралы әңгімелер заманауи тұрмыс жөніндегі ортақ түсінікті қалыптастырады.
Көп жағдайда біз технологияның өзін ғана емес, оны өзгелердің қалай пайдаланып жүргенін де үлгі етеміз. Осылайша жеке адамның әдеттері біртіндеп қоғамда орныққан дағдыға айналуы мүмкін.
Үй шаруасын автоматтандырудан менталдық жүктемені азайтуға дейін
Ұзақ уақыт бойы тұрмыстық техниканың дамуы негізінен дене еңбегін автоматтандырумен байланысты болды. Бүгінде технологиялар үй шаруасының көзге көп байқала бермейтін тұсын – оны ұйымдастыру ісін де жеңілдетуге көмектеседі. Өйткені біреу үйдегі азық-түліктің таусылып келе жатқанын есте сақтап, қажетті заттарды сатып алуды жоспарлап, отбасы мүшелерінің күн тәртібін қадағалап, осындай ондаған ұсақ-түйекті есінде сақтауы керек.
2019 жылы әлеуметтанушы Эллисон Дамингер үй шаруасының когнитивтік, яғни ой еңбегіне қатысты қырын зерделеген зерттеуін жариялады. Ол 35 ерлі-зайыпты жұппен жүргізілген сұхбат негізінде мұндай еңбектің бірнеше құрамдас бөлігін анықтаған: қажеттіліктерді алдын ала болжау, шешім іздеу, шешім қабылдау және оның орындалуын қадағалау. Зерттеуге қатысқан отбасыларда көбіне көзге көрінбейтін осы еңбектің едәуір бөлігі әйелдердің мойнына жүктелген.
Когнитивтік психологияда cognitive offloading – когнитивтік жүктемені азайту деген ұғым бар. Бұл – белгілі бір міндетті орындауға жұмсалатын ой еңбегін азайту үшін сыртқы құралдарды пайдалану. Тіпті күнделікке қажетті ақпаратты жазып қоюдың өзі осы құбылысқа кіреді.
ЖИ-көмекшілері бұл мүмкіндікті одан әрі кеңейте түседі: үй шаруасымен айналысып жүріп, бір затты сатып алу немесе белгілі бір істі орындау қажеттігі есіңізге түссе, жұмысыңызды тоқтатпай-ақ дауыстық еске салғышты орната аласыз.
Осы тұрғыдан алғанда, Алиса орнатылған Станцияның басқа да көптеген тұрмыстық гаджеттен айырмашылығы бар. Аэрогриль тағам әзірлеуге, робот шаңсорғыш үй жинауға көмектессе, ЖИ-көмекшісінің мүмкіндіктері бір ғана міндетпен немесе тәуліктің белгілі бір уақытымен шектелмейді.
Дауыс интерфейсі технологияларды әр түрлі буын өкілдеріне қолжетімді етеді. Ақылды колонканы пайдалану үшін қосымшалар мен баптауларды меңгерудің қажеті жоқ – өзіңе ыңғайлы тілде сөйлесу жеткілікті. Мысалы, Алиса орыс тілін де, қазақ тілін де түсінеді. Сондықтан онымен отбасының барлық мүшесі сөйлесе алады.
Әрине, технологиялар үй шаруасын бөлісу мәселесін өздігінен шешпейді. Дегенмен олар бұрын үнемі назар аударуды қажет ететін ұсақ-түйек міндеттердің бір бөлігін жеңілдетуге мүмкіндік береді.
Технология әдетке айналғанда
Адам мен технология арасындағы қарым-қатынастың ең қызықты кезеңі, бәлкім, адамның технологияны ерекше жаңалық ретінде қабылдаудан қалған сәтінен басталатын шығар. Ақылды колонканы сатып алған алғашқы күндері оны түрлі дауыстық пәрмендер арқылы сынап көріп, қонақтарға мүмкіндіктерін көрсетуіміз мүмкін. Уақыт өте келе бұл әрекеттер отбасының өзіміз де байқамайтын күнделікті әдеттеріне айналады.
Осылайша өзіндік бір цикл қалыптасады: өзгелердің әдеттерін бақылау технологияға деген қызығушылықты оятады, жеке тәжірибеміз жаңа әдеттерді қалыптастырады, ал олар өз кезегінде айналамыздағы адамдарға үлгі болады.
Сол себепті технологиялық FOMO-ның астарында үнемі сәннен қалмауға деген ұмтылыс жатады деп ойлау қате. Кейде өзгелердің тәжірибесі өзіміз әлдеқашан үйреніп, елемей жүрген қолайсыздықтарды байқауға және күнделікті істерді басқаша атқаруға болатыны туралы ойлануға мүмкіндік береді.
Түптеп келгенде, технологиялардың құндылығы үйдегі құрылғылардың санымен емес, олардың өмірімізге қаншалықты үйлесімді енуімен және шын мәнінде маңызды дүниелерге көбірек уақыт пен көңіл бөлуге қаншалықты мүмкіндік беретінімен өлшенеді.
