"ҚазАвтоЖол" Астана тұрғындары мен Ақмола облысының жұртшылығына ауа райының нашарлайтынын ескертіп, жүргізушілерге кеңес берді, деп хабарлайды KAZNUR.KZ ұлттық компанияға сілтеме жасап.
"ҚазАвтоЖол" ҰК" АҚ Telegram-дағы арнасында бүгін Астана мен Ақмола облысында жаңбыр жауып, күн жылы болып тұрғанын хабарлады. Алайда кешке қарай күн суытып, жолда мұз қатуы мүмкін.
Осыған байланысты "ҚазАвтоЖол" ұлттық компаниясы республикалық маңызы бар автожолдарға шығатын жүргізушілерді барынша сақ болуға шақырады.
Жүргізушілерге кеңес:
"Әсіресе көпірлерде, жол өткелдерінде, өрлер мен еңістерде сақ болыңыз. Бұл тұстарда мұз қату қаупі жоғары.
Күндіз ауа температурасы нөлден жоғары болғанымен, кешке қарай жол тайғақ болуы мүмкін. Өзіңіздің және өзге адамдардың өміріне қауіп төндірмеңіз", – делінген хабарламада.
Компания өкілдерінің мәліметінше, республикалық автожолдардың жай-күйі туралы ақпаратты тәулік бойы жұмыс істейтін 1403 байланыс орталығынан алуға болады.
