Қазақстандық танымал шахматшы Бибісара Асаубаева АҚШ-та өткен Cairns Cup 2026 халықаралық турнирінде жүлделі орынға ие болды, деп хабарлайды astana24.com тілшісі.
Жарыс АҚШ-тың Сент-Луис қаласында (Миссури штаты) өтті. Оған он спортшы қатысты. Соңғы тоғызыншы турда Асаубаева үндістандық Хампи Конерумен тең түсті.
Қазақстандық шахматшы жалпы алғанда екі рет жеңіске жетіп, алты рет тең түсті және бір рет жеңілді. Ол бес ұпай жинады. Америкалық Карисса Йип те дәл осындай нәтиже көрсетті. Олар үшінші орынды бөлісіп, қола медаль иеленді.
Қытайлық Тань Чжунъи Cairns Cup турнирінің жеңімпазы атанды (6,5 ұпай). Күміс жүлдені тағы бір америкалық Элис Ли (6 ұпай) иеленді.
Турнирге украиналық Анна Музычук, грекиялық Ставрула Цолакиду, үндістандық Дивья Дешмукх пен Вайшали Рамешбабу және швейцариялық Александра Костенюк қатысты.
