Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының шабуылшысы Дастан Сәтпаев Англияның "Бернли" клубының Чемпионшиптегі кезекті матчына арналған өтінімге енбеді, деп хабарлайды astana24.com тілшісі.
Сенбі, 31 қазанда "Бернли" өз алаңында – "Терф Мур" стадионында "Портсмутты" қабылдады. 13-тур аясындағы кездесу 0:0 есебімен тең аяқталды. Бұл швейцариялық маман Фабио Челестинидің "Бернлидің" бас бапкері қызметіндегі дебюті болды.
Сәтпаев матч өтініміне енбеді. Клуб бұл жөнінде ресми мәлімдеме жасаған жоқ, алайда бұған дейін БАҚ-та футболшының жарақат алғаны туралы ақпарат тараған еді. NUR.KZ мәліметінше, шабуылшы санының артқы бұлшықетін зақымдап алуы мүмкін.
2 қыркүйекте Сәтпаев жарақатына байланысты қатардан шығып қалып, алаңға 10 қазанда ғана оралған болатын. Спорт комментаторы Ермұхамед Мәуленнің ақпаратынша, бұл жолы футболшының қалыпқа келуіне кемінде алты апта уақыт қажет.
Осы себепті 18 жастағы шабуылшы Ұлттар лигасының қарашадағы матчтарына арналған Қазақстан ұлттық құрамасының түпкілікті құрамына енбеген, дегенмен ол бастапқыда кеңейтілген тізімге енген еді.
Ал "Бернли" "Портсмутпен" тең түскеннен кейін тоғыз ұпай жинады, бірақ 22-сатыда, яғни қауіпті аймақта қалды.
