in

Қазақ балуандары Моңғолиядағы турнирде тағы үш медаль жеңіп алды

Күрес түрлерінен Ұлан-Батырда өтіп жатқан рейтингтік турнирдің кезекті жарыс күнінде Қазақстан құрамасы үш қола медаль жеңіп алды. Бұл туралы Oympic.kz сайтына сілтеме жасаған astana24.com хабарлайды.

Басылымның жазуынша, грек-рим күресінен 63 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен Еркебұлан Ардақов қола медаль үшін өткен белдесуде оңтүстіккореялық Хёнун Чхведен басым түскен.

130 келіге дейінгі салмақта Олжас Сырлыбай үндістандық Джогиндер Ратхиді сенімді жеңіп, қола жүлдеге ие болған.

Сондай-ақ әйелдер күресінде 57 келіге дейінгі салмақта Нилуфар Раимова сингапурлық Даниэль Сью Чинг Лимді жеңіп, қола жүлдеге қол жеткізген.

Өкінішке қарай, 50 келіге дейінгі салмақта Марал Тәңірбергенова қола медаль үшін өткен белдесуде жеңіліп қалған.

Сонымен қатар 72 келіге дейінгі салмақтағы Жәмила Бақбергенова жарысты мерзімінен бұрын аяқтаған. Ол қола жүлде үшін күресуі тиіс болған. Алайда федерацияның баспасөз қызметінің мәліметінше, балуан жарақат алып, жарыстан шығып қалған.

Айта кетейік, бұған дейін грек-рим күресінің өкілі Нұрасыл Аманалы (97 келіге дейін) күміс жүлдегер атанған болатын.