Бүгін Астана қаласы мәслихатының отырысы өтті. Талқылау барысында депутаттар LRT-ға "Тарлан- Астана" атауын беру ұсынысын қолдады, деп хабарлайды astana24.com.
"Астана қаласының Тілдерді дамыту және мұрағат ісі басқармасы" ММ басшысының міндетін атқарушы Досжан Исабектің айтуынша, қала әкімдігіне қала тұрғындарынан, қоғамдық ұйымдардан және Қазақстан Жазушылар одағының Астана қалалық филиалынан елордада таяуда іске қосылған жеңіл рельсті көлік жүйесіне (LRT) атау беру туралы бірқатар ұсыныс келіп түскен.
"Аталған жеңіл рельсті көлік жүйесі қазіргі таңда қаланың басты қоғамдық көлік желілерінің біріне айналып отыр. Сондықтан бұл жобаға тек LRT деген жобалық инженерлік-техникалық атаумен шектелмей, жеңіл айтылатын, есте сақталатын, әрі заманауи жеке атау беру қажет деген пайым бар", – деді ол.
Спикердің сөзінше, халықаралық тәжірибеде ірі көлік жүйелеріне қала мәдениеті мен болмысын танытатын қысқа әрі дербес атау беру жиі кездеседі. Мысал ретінде Ванкувердегі SkyTrain, Рио-де-Жанейродағы SuperVia, Ресейдегі "Сапсан", Өзбекстандағы "Афросиаб" жүйелерін айтуға болады.
"Осыған байланысты елорданың жаңа көлік жүйесіне заманауи, халықаралық форматқа және ұлттық бонусқа сай келетін, әрі мобильді қосымшаларда, карталарда, навигация жүйесінде және ресми ақпарат құралдарында қолдануға ыңғайлы болатын атаулар 3 маусымда қалалық ономастика комиссияның отырысында қаралды.
Отырыс барысында комиссия мүшелері бірнеше нұсқаны қарастырды, оның ішінде "Сұңқар", "Лашын", "Құлан", "Аспан", "Тарлан" және тағы басқа атаулар болды.
Қорытындылай келе, комиссия мүшелері Астана LRT жеңіл рельсті көлік жүйесіне "Тарлан-Астана" атауын беру туралы ұсынысты бірауыздан қолдады.
"Тарлан" атауы еліміздің тарихи-мәдени мұрасымен тығыз байланысты. Қазақ дүниетанымында "тарлан" сөзі еркіндік, жылдамдық, күш-қуат, тектілік және сенімділік сияқты қасиеттерді білдіреді", – деді Досжан Исабек.
Мәслихат депутаттары LRT-ға "Тарлан-Астана" атауын беру ұсынысын қолдады. Енді бірлескен жоба шешім қабылдау үшін Республикалық ономастикалық комиссияның қарауына ұсынылады.
