in

Қазақ дзюдошысы Марат Байқамұров Абу-Дабидегі Grand Slam турнирінде жүлдегер атанды

Марат Байқамұров БАӘ-де мәресіне жеткен халықаралық Grand Slam бәсекесінде ел қоржынына екінші медальді салды, деп хабарлайды astana24.com тілшісі.

28 жастағы спортшы 100 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде бақ сынады. Ол жарысты жеңіспен бастағанымен, ширек финалда осы турнирдің чемпионы атанған ресейлік Идар Бифовқа есе жіберді.

Байқамұров жұбаныш белдесуі арқылы қола жүлдеге таласуға мүмкіндік алды. Медаль үшін өткен шешуші кездесуде ол ресейлік Адам Сангариевті жеңді. Тағы бір қоланы украиналық Антон Савицкий еншілесе, күміс жүлде франциялық Орельен Диске бұйырды.

Сондай-ақ БАӘ астанасында өткен Grand Slam турнирінің соңғы жарыс күнінде Қазақстан атынан Айдар Арапов (90 келіге дейін) өнер көрсетті. Ол екінші белдесуінде жеңіліп, жүлдеден қағылды.

Ұлттық құрама Абу-Дабидегі доданы екі жүлдемен аяқтады. Бұған дейін 60 келіге дейінгі салмақта Талғат Орынбасар қола медаль иеленген болатын. Ол жүлде үшін өткен белдесуде Олимпиада чемпионы Елдос Сметовтен басым түскен еді.