in

Азиаданың алтынынан айырылған Ясмина Тоқсанбаеваға тиесілі сыйақы беріле ме: федерация жауабы

Жеңіл атлетика федерациясы Қазақстан құрамасының Азия ойындарындағы алтын медалінен айырылуына қатысты ресми мәлімдеме жасады, деп хабарлайды astana24.com.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, қазақстандық Ясмина Тоқсанбаева 27 қыркүйекте ХХ жазғы Азия ойындарында спорттық жүрістен марафондық қашықтықта өнер көрсетті. Ол мәреге бірінші болып жеткенімен, кейін аяқ киіміне байланысты нәтижесіне шағым түсті. Тексерістен кейін қазақстандық спортшының нәтижесі жойылды.

Қазақстан Жеңіл атлетика федерациясының Instagram-дағы парақшасында болған жағдайға байланысты федерация атынан наразылық білдіріліп, тиісті шағым жіберілгені хабарланды.

"World Athletics ұйымының рұқсат етілген аяқ киімдер тізімінде ASICS бренді көрсетілген. Алайда Ясмина жарыста пайдаланған аяқ киімнің нақты моделі аталған тізімде болмаған. Сонымен қатар жарыс басталғанға дейін спортшының аяқ киімі тексеріліп, жарысқа қатысуына рұқсат берілген. Осыған байланысты федерация Ясминаның құқықтары мен мүддесін қорғау жұмысын әрі қарай жалғастырады.

Сонымен бірге федерация өз жауапкершілігін де жоққа шығармайды. Спортшының сапалы дайындығы мен жарыстағы нәтижесінен бөлек, белгіленген регламенттер мен техникалық талаптарды сақтау, сондай-ақ халықаралық спорт ұйымдарында спортшылардың мүддесін тиімді қорғау да маңызды", – делінген мәлімдемеде.

Федерация өз тарапынан Ясминаны толыққанды оқу-жаттығу процесімен қамтамасыз еткенін, медициналық-биологиялық қолдау көрсеткенін және дайындыққа қажетті барлық жағдайды жасағанын мәлім етті.

"Бұл еңбектің нәтижесі жарыс жолында көрінді. Ясмина мәреге бірінші болып жетіп, чемпиондық нәтиже көрсетті. Осы тұста ел спортшыларының халықаралық аренадағы мүддесін қорғау жұмысын одан әрі күшейту қажет деп санаймыз. Кешенді халықаралық жарыстарда бұл бағыттағы жұмыс Ұлттық Олимпиада комитетінің үйлестіруімен жүзеге асырылады.

Қазақстанның барлық спорт ұйымының ортақ міндеті – спортшы жарысқа шыққанда өзінің дайындығына, сонымен қатар құқықтары мен мүддесі кәсіби деңгейде қорғалатынына да сенімді болуы үшін барлық қажетті шараны қабылдау.

Біз үшін Ясмина – чемпион. Федерация оны қолдауды жалғастырады. Біздің жіберген шағымымыз бен наразылығымыздың нәтижесіне қарамастан, чемпионға тиесілі барлық сыйақы федерацияның өз қаражаты есебінен толық көлемде төленеді", – делінген мәлімдемеде.