Батыс Қазақстан облысы Бөрлі ауданының әкімі Еркебұлан Ихсанов үш дүркін әлем чемпионы, паратаеквондодан Қазақстан құрамасының мүшесі Мәлік Мұқашевпен кездесті, деп хабарлайды аудан әкімдігі.
Аудан әкімдігінде өткен кездесуде аудан басшысы әлемдік додада ел мерейін үстем еткен жерлес спортшыны айтулы жеңісімен құттықтап, алдағы спорттық мансабына сәттілік тіледі.
Қараша айында Оңтүстік Кореяның Муджу қаласында паратаеквондодан XI әлем чемпионаты өтті.
Байрақты бәсекеде Қазақстан ұлттық құрамасы сапында 13 спортшы бақ сынап, олардың арасынан Бөрлілік Мәлік Мұқашев ел қоржынына жалғыз алтын медаль салды. Осылайша, ол әлемдік додада Қазақстанның абыройын асқақтатып, туған жерінің мерейін үстем етті.
Кездесу барысында Еркебұлан Нұрдетдинұлы спортшының табандылығы мен еңбегін ерекше атап өтіп, оның жетістігі өскелең ұрпаққа үлгі екенін жеткізді. Сондай-ақ, демеушілер тарапынан чемпионға қаржылай сертификат табысталып, алдағы жарыстарға қолдау көрсетілді.
Жүздесуде паралимпиадалық спорт түрлерін дамыту, мүмкіндігі шектеулі жандарды қоғамға бейімдеу және олардың спортпен жүйелі айналысуына жағдай жасау мәселелері де сөз болды.
Айта кетейік Мәлік Мұқашев 2014 жылдан бері Қазақстанның паратаеквондо құрамасында өнер көрсетіп келеді. Халықаралық дәрежедегі спорт шебері.
Бүгінде ол әлемдік ареналарда ел намысын қорғаумен қатар, аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде таеквондо секциясының жаттықтырушысы қызметін атқарады.
Спортшының қоржынында әлем чемпионаттарының, Азия құрлығы біріншіліктерінің және Еуропаның ашық чемпионаттарының жүлделері бар.
