in

Олимпиада жүлдегері Софья Берульцева – Азия ойындарының екі дүркін чемпионы

Каратеші Софья Берульцева Жапонияда өтіп жатқан ХХ жазғы Азия ойындарында Қазақстан қоржынына төртінші алтын медальді салды, деп хабарлайды astana24.com.

25 жастағы спортшы 68 келіден жоғары салмақ дәрежесінде сынға түсті. Финалға дейін ол Сауд Арабиясының өкілі Дина Ахмед Мостафаны (9:6) және Непал спортшысы Арика Гурунгті (2:1) тізе бүктірді.

Шешуші кезеңде Берульцева Таиланд өкілі Маниван Бутсуванды 8:0 есебімен мерзімінен бұрын жеңді.

Осылайша, Софья Берульцева Азия ойындарының екі дүркін чемпионы атанды.

Бұл салмақ дәрежесінде қола медальды саудиялық Мостафа мен индонезиялық Лейка Аль Хумайра Лубис иеленді.

Айта кетейік, Софья Берульцева 2022 жылғы Ханчжоуда өткен Азия ойындарында 61 келіге дейінгі салмақта жеңіске жеткен еді. Сондай-ақ оның еншісінде Токио-2020 Олимпиадасының қола жүлдесі, әлем чемпионаттарының екі медалі және Азия чемпионатының үш алтыны бар.

Берульцевадан бөлек, 2026 жылғы Азия ойындарында велошабандоздар Рината Сұлтанова мен Алексей Луценко және каратеші Жоламан Биғабыл алтын медаль алды.