in

World Athletics ұйымының балаларға арналған ғаламдық Kids Athletics жобасы Қазақстанның бес өңірінде жалғасын табады

Бұған дейін Алматы мен Қарағанды қаласында жүзеге асқан жоба енді Маңғыстау облысында бастау алды, деп хабарлайды ҚР Жеңіл атлетика федерациясының баспасөз қызметі.

Қазақстан Жеңіл атлетика федерациясы ҚР Туризм және спорт министрлігінің бастамасымен, сондай-ақ ҚР Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен республика аумағында балалар жеңіл атлетикасын дамыту жұмысын бастады.

Kids Athletics – балалар мен мектеп оқушылары арасында жеңіл атлетика негіздерін дамытуға арналған World Athletics жобасы. Бүгінде бұл жоба әлемнің жүзден аса елінде сәтті қолданылып келеді. Аталған бағдарлама қазіргі таңда Алматы және Қарағанды қалаларында жүзеге асырылып жатыр.

Қазақстан Жеңіл атлетика федерациясы еліміздің батыс өңірлеріндегі бұқаралық спортты дамытып, жеңіл атлетика негіздерін жолға қою мақсатында Kids Athletics жобасын Маңғыстау облысында кеңінен танытуды қолға алды. Осы орайда федерация мамандарынан, Kids Athletics сертификатталған лекторларынан жасақталған команда Маңғыстау облысына арнайы сапармен барып, мектеп оқушылары мен дене шынықтыру пәні мұғалімдері арасында жеңіл атлетика негіздеріне арналған курс өткізді.

Курсқа облыстағы 33 мектептен келген 120 мұғалім қатысып, екі күн бойы жеңіл атлетика негіздеріне арналған дәрістер мен практикалық сабақтарды тыңдады. Сондай-ақ оқушылар арасында жеңіл атлетикадан шағын жарыстар өткізілді.

Бұл бастама жеңіл атлетика спорты бойынша болашақ резервті қалыптастыруға елеулі үлес қосады деген сенім мол.