in

Биыл 25 мыңнан астам азамат алды: жұмыссыз қалғандарға берілетін жәрдемақыны қалай алса болады

Жұмыссыз қалсаңыз, мемлекеттен 6 айға дейін қаржылай көмек алуға болады. Жыл басынан бері бұл төлемге 25 мыңнан астам азамат қол жеткізген. Жәрдемақы кімдерге тағайындалады? Оны рәсімдеудің жолы қандай? Бұл сұрақтарға "Астана" тілшісі жауап іздеп көрді.

Елде ресми түрде 446 мыңнан астам жұмыссыз ретінде тіркелген. Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры дәл осындай нәпақасынан айырылғандарды қаржылай қолдап, қаражат аударады. Жыл басынан бері 25 мың 600-ден астам отандасымыз жәрдемақыға ие болды.

Жәрдемақыны қалай алуға болады

Төлем алу үшін Мансап орталығында жұмыссыз ретінде тіркелу қажет. Алайда орталықта тіркелгендердің бәрі бірдей көмекке ие болмайды. Қордан қаражат алу үшін азамат соңғы 2 жыл ішінде кемінде 6 ай жұмыс істеп, жұмыс беруші тарапынан тиісті жарналар түскен болуы шарт.

"Соңғы екі жылда орташа айлығын есептейміз. Сондықтан соңғы екі жылда ең азы 6 айға әлеуметтік аударымдары болуы керек. Және төлемнің мөлшері негізінен оның соңғы 2 жылдағы айлығына байланысты және еңбек өтіліне байланысты. Қанша жыл сол азамат үшін мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына жарналар түсіп отырды. Төлемнің көлемі негізі орташа айлығының 45 пайызын құрайды", – дейді "Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры" АҚ ресми өкілі Гүлбағила Болатбекова.

Өтінімді eGov.kz порталы, 1414 СМС-сервисі арқылы онлайн немесе ХҚКО мен Мансап орталығына барып қалдыруға болады. Құжаттар 8 жұмыс күні ішінде қаралады.

Мемлекет тағайындайтын төлем тұрақты жұмыс тапқанша демеу. Керек десеңіз, Мансап орталығы өздері жұмыс ұсынады, тіпті жаңа мамандық меңгеруге мүмкіндік береді. Тіршілік істеуге талпынбасаңыз, қолдау тоқтайды.

Автор: Аяулым Изатқызы