Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин ең төменгі жалақыны көбейтуге қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Kazinform-ға сілтеме жасаған astana24.com.
Агенттіктің жазуынша, бүгін Құрылтай отырысынан кейін өткен баспасөз мәслихатында БАҚ өкілдері вице-премьерден ең төменгі жалақы мөлшерінің қашан көтерілетіндігін сұраған.
Сауалға жауап берген Серік Жұманғарин бұл мәселе үкімет пен Президент әкімшілігі деңгейінде талқыланып жатқанын айтқан.
"Сондықтан таяу уақытта нәтижесі белгілі болады деп ойлаймын. Мерзімін айта алмаймын. Бұл таяу болашақтың мәселесі. Егер көтерілетін болса, онда келесі жылы", – деді вице-премьер.
Естеріңізге сала кетейік, бүгін Құрылтай депутаттары "2027-2029 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы" заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.
