Еліміздегі жәрдемақы тағайындау тәртібінің өзгеруі әлеуметтік желіде наразылық тудырды. Сарапшылардың пікірінше, мәселе жәрдемақыны қысқартуда емес, мемлекеттік бюджетті оңтайландыру үшін оны әділ әрі ашық тағайындауда болып отыр. Толығырақ astana24.com сайтынан оқыңыз.
Жәрдемақы тағайындау ережелерінің өзгеруі туралы жаңалықтардан кейін қазақстандықтар "мұқтаж отбасылар мемлекеттің көмегінсіз қалмай ма және төлем мөлшері қысқара ма" деп алаңдай бастады.
Осы ретте тәуелсіз қаржы сарапшысы Андрей Чеботарев Telegram-дағы Finance.kz арнасында елде жай ғана бюджетті оңтайландыру жүріп жатқанын жазды.
"Үкімет 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап жәрдемақының он түрін және жерлеуге арналған біржолғы төлемді тағайындау тәртібін өзгертетін қаулыны бекітті. Басты өзгеріс – тағайындау кезінде отбасының әл-ауқат деңгейі, дәлірек айтқанда, "A"-дан "E"-ге дейінгі санат ескеріледі. Бұл – дұрыс шешім", – деп атап өтті сарапшы.
Сонымен қатар ол халықтың табыс құрылымында жәрдемақы, атаулы көмек және стипендия шамамен 4 пайызды құрайтынын алға тартады. Сондай-ақ бұл шектеулі ресурс екені, ел бюджетінде тапшылық байқалып отырғаны және жәрдемақы мен мемлекеттік көмек төлемдері шығынның ең үлкен бөліктерінің бірі екені айтылады.
Тиісінше, бұл ақша неғұрлым дәл және атаулы түрде төленсе, ол шынында да мұқтаж адамдарға тиімдірек болады.
"Отбасының цифрлық картасы" қалай жұмыс істейді
Отбасының цифрлық картасы Қазақстанда 2023 жылдан бері жұмыс істейді. Онда 20,6 млн азамат туралы деректер көрсетілген. Жүйе халықтың 100 пайызын қамтып, әр отбасын 59 көрсеткіш бойынша бағалайды және нәтижені ай сайын қайта есептейді. Әдістеме БҰҰ Даму бағдарламасымен бірлесіп, халықаралық стандарттар бойынша әзірленген.
Бағалауға қаржылық жағдай, активтер, тұрғын үй жағдайы, автокөліктің болуы (коммерциялық көлікті қоса алғанда), жер учаскесі, жеке қосалқы шаруашылық, жұмыспен қамтылуы, мерзімі өткен несиелерінің болуы және бизнесінің болуы кіреді.
"Автокөлік бұл тізімдегі 59 параметрдің біреуі ғана", – деп жазады Андрей Чеботарев.
"A" санатына адам басына шаққандағы табысы жеті күнкөріс минимумынан асқан отбасы жатады – демек отбасында әр адамға табыс 350 мың теңгеден жоғары болуға тиіс. Төрт адамнан тұратын отбасында табыс айына 1,4 млн теңгеден асқан кезде есептеледі. Бірақ тек табыс қана емес, жылжымайтын мүлік, коммерциялық нысандар, жеке бизнес және люкс немесе премиум-кластағы автокөліктер де бағалауға әсер етеді.
"Жақсы жалақы – отбасын "A" санатына жатқызу үшін жеткіліксіз. Жиынтық көрсеткіш қажет", – деп баса айтты сарапшы.
Бұл ретте отбасы құрамы мен әл-ауқат деңгейі ай сайын қайта есептеледі. Деректер мемлекеттік жүйелерден автоматты түрде түседі. Табыс азайды, мүлік сатылды, бала дүниеге келді – жағдай өмір бойына емес, қайтадан бағаланады.
Басқаша айтқанда жаңа жүйе адамдарды қолдаусыз қалдырмайды – ол көмекті дәлірек және әділ беруге әсер етеді.
