in

Қазақстанда электрондық сауда саласында бақылау күшейтіліп жатыр: нені білу маңызды

Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті елде электрондық сауда саласына бақылау күшейтіліп жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды astana24.com.

Ведомствоның мәліметінше, Салық кодексіне сәйкес интернет-платформалар (маркетплейстер) иелері ай сайын есепті кезеңнен кейінгі айдың 5-інен кешіктірмей мемлекеттік кірістер органдарына сатылған тауарлар, көрсетілген қызметтер, сондай-ақ Қазақстан резиденті болып табылатын жеке тұлғаларға жүзеге асырылған төлемдер туралы мәліметтерді ұсынуға міндетті.

Аталған норма Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің 2025 жылғы 21 қазандағы № 614 бұйрығымен бекітілген Қағидаларда көзделген.

Бүгінгі таңда 23 маркетплейс мемлекеттік кірістер органдарына қажетті мәліметтерді ұсынған. Олардың қатарында сатушылар туралы, сатылған тауарлар мен көрсетілген қызметтер туралы, сондай-ақ жүзеге асырылған төлемдер туралы ақпарат бар.

Ведомство өкілдерінің айтуынша, мұндай мәліметтерді ұсыну онлайн-сауданың ашықтығын арттыруға, көлеңкелі айналымды қысқартуға және бюджетке салықтардың толық түсуін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

"Салық төлеушілер салықтық есептілікті тапсырғаннан кейін мемлекеттік кірістер органдары камералдық бақылау жүргізіп, маркетплейстердің деректерін декларациялармен салыстырады.

Сәйкессіздіктер анықталған жағдайда салық төлеушіге бұзушылықтарды жою қажеттігі туралы хабарлама жіберілетін болады", – делінген хабарламада.

МКК өкілдері жаңа шаралар электрондық саудаға қатысушылардың барлығы үшін әділ және тең жағдайлар жасауға, сондай-ақ онлайн-нарыққа деген сенімді арттыруға бағытталған атап өтті.