in

Қазақстан тамыздан бастап алма импортына уақытша тыйым салуды жоспарлап отыр

Ауыл шаруашылығы министрлігі Қазақстанда алма импортына уақытша тыйым салуды ұсынып отыр. Шектеу тамыздан бастап енгізіліп, 2026 жылдың соңына дейін күшінде болмақ, деп хабарлайды astana24.com.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің тиісті бұйрық жобасы "Ашық НҚА" порталында жарияланды.

Құжатта уақытша тыйымды 2026 жылғы 1 тамыздан 31 желтоқсанға дейін енгізу көзделген.

Жобаға сәйкес, үшінші елдерден және Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерден автомобиль, су және теміржол көлігімен ел аумағына алма әкелуге тыйым салынады.

Бұл ретте тыйым Қазақстан аумағы арқылы өтетін транзиттік тасымалдарға, сондай-ақ республика аумағы арқылы ЕАЭО елдері арасындағы алма тасымалына қолданылмайды.

"Жоба отандық өндірушілерді қолдау және өнімнің тұрақты өткізілуін қамтамасыз ету мақсатында қабылданып отыр", – делінген хабарламада.

Айта кетейік, құжат әлі қоғам талқылауында.