in

KMF Банк Қазақстандағы бизнесті қолдау үшін Түркі инвестициялық қорынан 10 млн АҚШ долларын тартты

KMF Банк Түркі инвестициялық қорымен (ТИҚ) құны 10 млн АҚШ долларын құрайтын қаржыландыруды тарту туралы келісімге қол қойды. Бұл қаражат Қазақстандағы микро-, шағын және орта бизнестің (МШОБ) қаржыландыруға қол жеткізу мүмкіндігін кеңейтуге бағытталады.

Келісім – Түркі инвестициялық қорының өңірдегі банкпен жасасқан алғашқы мәмілесі, сондай-ақ қордың Қазақстанда іске асырып жатқан тұңғыш жобасы. Ынтымақтастық аясында ТИҚ-қа мүше мемлекеттер арасындағы сауда-саттықты, кооперация мен экономикалық байланыстарды дамытуға септігін тигізетін жобаларды жүзеге асырушы компанияларға айрықша мән беріледі.

"Түркі инвестициялық қорымен келісімге қол қою отандық кәсіпкерлерді қолдауда жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Тартылған қаражат микро-, шағын және орта бизнесті, оның ішінде қорға мүше елдермен сауда-саттық байланыс пен серіктестікті дамытып отырған компанияларды қаржыландыру көлемін арттыруға мүмкіндік береді. Бұл ынтымақтастық өңірдегі кәсіпкерліктің өркендеуіне және іскерлік байланыстардың нығаюына септігін тигізетініне сенімдіміз", – деп атап өтті KMF Банк Басқарма төрағасы Шалқар Жүсіпов.

Түркі инвестициялық қорының президенті Бағдат Әміреев ұйым қызметінде Қазақстанның орны бөлек екеніне баса назар аударды.

"Қазақстан – қорымыздың негізін қалаушы әрі оған мүше мемлекеттердің бірі. Түркі инвестициялық қорының алғашқы жобасы дәл осында жүзеге асып жатқанына қуаныштымыз. KMF Банкпен жасалған бұл келісім кәсіпкерлердің қаржыландыруға қол жеткізу мүмкіндігін кеңейту жолында маңызды қадамға айналмақ және қорға мүше елдер арасындағы экономикалық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға жол ашады", – деді ол.

Түркі инвестициялық қоры – Әзербайжан, Мажарстан, Қазақстан, Қырғыз Республикасы, Түркия және Өзбекстан мемлекеттері құрған алғашқы мамандандырылған халықаралық қаржы институты. Оның қызметі микро-, шағын және орта бизнесті қолдауға, сауда-логистикалық инфрақұрылымды дамытуға, сондай-ақ қорға мүше мемлекеттер арасындағы экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға септік болар жобаларды қаржыландыруға бағытталған.

"KMF Банк" АҚ – кәсіпкерлік пен ауыл шаруашылығын дамытуға ден қоя отырып, жеке тұлғаларға, микро-, шағын және орта бизнеске қаржылық қызметтер ұсынады. KMF 1997 жылдан бері жұмыс істеп келеді және елдегі ең ірі өңірлік желілердің біріне ие: банктің 17 филиалы мен 122 сату нүктесі бар, олар шалғайдағы ауылдық аймақтарды қоса алғанда, 4 000-нан астам елді мекенді қамтиды.

*Банк операцияларын жүргізуге ҚНРДА 25.11.2025 жылы берген № 1.1.121 лицензия.