in

"Ұмай" ипотекалық бағдарламасының екінші кезеңі қашан басталады

Қазақстанда 3 қарашада "Ұмай" әйелдер ипотекасына қатысуға өтінім қабылдаудың екінші кезеңі басталады. Оның аясында 50 млн теңгеге дейінгі тұрғын үй несиесін алуға болады, деп хабарлайды astana24.com.

Қазақстанда "Ұмай" жеңілдетілген ипотекасы іске қосылған. Оған тек қазақстандық әйелдер қатыса алады. Бағдарлама бойынша қатысушының қай өңірде тіркеуде тұрғаны маңызды емес және басқа да жылжымайтын мүлкінің бар-жоғына қатысты шектеу жоқ.

"Отбасы банк" хабарлағандай, өтінім қабылдаудың екінші кезеңі 3 қарашада басталады.

Қарыз беру үшін Азия даму банкі "Бәйтерек" холдингінің еншілес ұйымы – "Отбасы банкке" 20 млрд теңге көлеміндегі екінші траншты аударды.

Алғашқы транш 9 млрд теңге болған. Қазіргі уақытта бұл қаражаттың басым бөлігі игерілді. Оның арқасында 420 қазақстандық әйел баспаналы болды. Тағы 230 қатысушы пәтер іздеп, несие рәсімдеуге дайындалып жатыр. Жалпы "Ұмай" бағдарламасы қазақстандық әйелдердің үлкен қызығушылығын тудырды.

Әйел адамдардың бағдарламаға қатысуын жеңілдету үшін "Отбасы банк" өтінім қабылдау арналарын кеңейтті. Енді қатысушылар өтінімді үш тәсілмен бере алады:

"Ұмай" бағдарламасының шарттары өзгеріссіз қалады

Бастапқы жарна қалай есептеледі

Қарыз алушы бастапқы жарнаны өз қаражаты есебінен сатушыға өзі аударуға тиіс.

Астана мен Алматы қалаларында бастапқы жарна сатып алынатын тұрғын үй құнының кемінде 20 пайызын, ал басқа қалаларда кемінде 15 пайызын құрайды.

Қалған соманы "Отбасы банк" несие түрінде береді. Бұл ретте есептеу үшін пәтердің сатып алу бағасы мен бағалау құнының қайсысы төмен болса, сол сома негізге алынады.

Мысалы: Алматы қаласында пәтер 32 млн теңгеге сатылып жатыр делік. Ал бағалаушы оның құнын 30 млн теңге деп анықтады. Бұл жағдайда кредит сомасы төменгі сома – 30 млн теңге негізінде есептеледі. Банк осы соманың 80 пайызын, яғни 24 млн теңгені кредитке береді. Қалған 20 пайызын – 6 млн теңгені қарыз алушы бастапқы жарна ретінде өз қаражаты есебінен сатушыға аударады.

Қандай тұрғын үй сатып алуға болады

Бағдарлама аясында тұрғын үйдің бірнеше түрін сатып алуға болады:

Бастапқы тұрғын үйді тек банктің Baspana Market маркетплейсі арқылы таңдауға және сатып алуға болады.

Сатып алынған тұрғын үй әйелдің атына рәсімделеді. Егер ол некеде болса, жылжымайтын мүлік ерлі-зайыптылардың ортақ меншігі болып есептеледі.

Кредит алуға өтінімді некеде тұрған әйел берген жағдайда, жұбайының жеке қатысуы қажет.

Өтінім қабылдау басталғанға дейін нені тексеру керек

Қарызды мақұлдау үшін соңғы 6 айдағы ресми табысты растау және оң кредиттік тарих болуы маңызды. Кредиттік тарих соңғы 12 айдағы деректер негізінде талданады.

БЖЗҚ-ға міндетті зейнетақы жарналарының уақытылы аударылуын тексеру қажет. Бұл төлем қабілеттілігін есептеу кезінде табыс көзін ескеруге әсер етеді. Зейнетақы жарналарының уақытылы аударылмауы кредит беруден бас тартуға себеп болуы мүмкін.

Салықтар бойынша берешек пен өсімпұлдардың, кредиттер бойынша мерзімі өткен төлемдердің және айыппұлдардың бар-жоғын анықтаңыз.

Кредиттік бюродан есеп алып, мерзімі өткен берешектің жоқтығына көз жеткізіңіз. Қолданыстағы кредиттік лимиттер мен кредиттік карталар есепке алынатын табыс көлемін азайтып, кредит беруге қатысты шешімге немесе мақұлданатын қарыз сомасына әсер етуі мүмкін.

Төлем қабілеттілігін бағалау кезінде тек табыс қана емес, қарыз алушының және басқа да қатысушылардың шығыстары мен қолданыстағы қаржылық міндеттемелері де ескеріледі.

Егер табыс жеткіліксіз болса, кредит бойынша қосалқы қарыз алушы ретінде қатыса алатын екі адамға дейін алдын ала белгілеп қойған жөн. Олармен алдын ала сөйлесіп, келісімін алған дұрыс. Қосалқы қарыз алушы ретінде кез келген үшінші тұлға қатыса алады, яғни оның міндетті түрде туысы болуы шарт емес.