in

Тоқаев Ақордада Моңғолия президенті Ухнаагийн Хурэлсухты қарсы алды (фото)

Ақордада Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген Моңғолия президенті Ухнаагийн Хурэлсухты салтанатты қарсы алу рәсімі өтті, деп хабарлайды Ақордаға сілтеме жасаған astana24.com.

Президенттің баспасөз қызметінің мәліметінше, екі елдің басшылары бір-біріне делегация мүшелерін таныстырған соң Құрмет қарауылының бастығы рапорт беріп, екі елдің әнұрандары орындалған.

Бұдан кейін Қазақстан мен Моңғолия президенттері шағын құрамда келіссөз жүргізген.

"Біз – тарихы ортақ, тамыры бір бауырлас елдерміз, көшпенді халықтардың ұрпағымыз. Қазақ пен моңғол – ғасырлар бойы іргесі бөлінбеген көршілер. Халықтарымыздың өмір салты, әдет-ғұрпы өте ұқсас. Қазір де осы мәңгі құндылықтарды арқау етіп келеміз. Бүгінде ықпалдастығымыз стратегиялық серіктестік рухында дамуда. Мемлекетаралық, парламентаралық және үкіметаралық байланыстарымыз нығаюда.

Құрметті президент мырза, сіз екіжақты қарым-қатынасымызды жаңа деңгейге көтеруге зор үлес қосып келесіз. Мұны жоғары бағалаймыз. Қажырлы еңбегіңіздің арқасында Моңғолияда көптеген оң өзгеріс болып жатыр. Былтыр еліңіздің экономикасы 6,8 пайызға өсті. Бұл сіздің салиқалы басшылығыңыздың жемісі екені сөзсіз. Сіз халқыңыздың әл-ауқатын жақсарту үшін маңызды бастамаларды жүзеге асырдыңыз", – деді Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Моңғолияда мемлекетті дамытуға арналған Vision-2050 кешенді жоспары қолға алынғанын атап өтті.

"Сондай-ақ Қарақорым атты жаңа қала салуды бастап кеттіңіздер. Бірегей жобалардың табысты болуына тілектеспіз. Сарабдал саясатыңыздың арқасында Моңғолияның халықаралық беделі арта түсті. Біз бауырлас елдің барлық жетістігіне қуанамыз", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Ухнаагийн Хурэлсух араға 20 салып Қазақстанға мемлекеттік сапармен келгеніне қуанышты екенін жеткізген.

"Сіздің осыдан екі жыл бұрын біздің елімізге жасаған мемлекеттік сапарыңыз моңғол-қазақ қарым-қатынастарын стратегиялық серіктестіктің жаңа деңгейіне көтерді. Бұл уақиға екіжақты байланыстар тарихына алтын әріппен жазылатыны сөзсіз.

Құрметті президент мырза, сіздің көреген, парасатты және жоғары кәсіби басшылығыңыздың арқасында Қазақстан экономикалық және әлеуметтік салаларды дамытуда айтарлықтай табысқа жетті. Моңғол халқы еліңіздің жетістіктерін жіті бақылап отыр. 2024 жылғы Моңғолияға сапарыңыз барысында оннан астам құжатқа қол қойылды. Бүгін де бірқатар маңызды құжаттар қабылданады", – деді Моңғолия президенті.