in

ҰҚШҰ ұшқышсыз ұшатын аппараттардан қорғану бойынша Қазақстанда оқу-жаттығу өткізеді

Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының бас хатшысы Таалатбек Масадыков Қазақстанда жақын арада ұшқышсыз ұшу аппараттарынан қорғану бойынша оқу-жаттығулар өтетінін мәлімдеді. Бұл туралы astana24.com ТАСС-қа сілтеме жасап хабарлайды.

Масадыков басылымға берген сұхбатында ҰҚШҰ-ға мүше елдердің дрон шабуылдарына қарсы іс-қимылы туралы сұраққа жауап берді. Оның айтуынша, нысандарды ұшқышсыз ұшу аппараттарынан қорғау мәселесі ҰҚШҰ-ға мүше елдердің алдағы жаттығуларының күн тәртібіне енгізілген. Бұл жаттығулар күзде алдымен Қазақстанда өтеді.

"Нысандарды дрондардан қорғау мәселесі көтерілді. Биыл қыркүйекте Қазақстанда "Рубеж-2026" жаттығулары өтеді. Қыркүйектің соңы мен қазанның басында Ресейде "Өзара іс-қимыл-2026", ал қазанда Беларусьте "Мызғымас бауырластық" жаттығулары болады. Ұйымға мүше елдердің қорғаныс ведомстволарының өтініші бойынша бұл мәселе күн тәртібіне енгізілді", – деді ол.

Масадыковтың сөзінше, барлығы қазіргі жағдайға бейімделуге тырысуда.

"Себебі соғыс сипаты мен оны жүргізу формалары өзгерді. Менің ойымша, бұл ҰҚШҰ-ның әскери күн тәртібіндегі ең өзекті мәселелерінің бірі", – деп мәлімдеді Масадыков.