in

Венесуэладағы жойқын жер сілкінісі: Тоқаев Делси Родригеске көңіл айту жеделхатын жолдады

Мемлекет басшысы Венесуэла президентінің міндетін атқарушы Делси Родригеске көңіл айту жеделхатын жолдады, деп хабарлайды Ақорда.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Венесуэладағы жойқын жер сілкінісі салдарынан көптеген адамның қаза табуына және жарақат алуына байланысты Делси Родригеске көңіл айтты.

"Осындай ауыр кезеңде қайғы-қасіреттеріңізге ортақтасып, Сізге, жақындарынан айырылған отбасыларға, сондай-ақ достас Венесуэла халқына көңіл айтамын. Табиғи апаттан қайтыс болған жандардың туыстарының сабырға келіп, болаттай берік болуын, ал жарақат алған азаматтардың тез арада сауығып, отбасыларына аман-есен оралуын тілеймін", – делінген жеделхатта.

Еске сала кетейік, 25 маусымда Атлантика уақыты бойынша сағат 18:05-те Венесуэла жағалауында магнитудасы 7,1 болатын жер сілкінісі тіркелгені белгілі болды.

Жер сілкінісінен кейін Венесуэла президентінің міндетін атқарушы Делси Родригес елде төтенше жағдай жариялады.

Бастапқыда Венесуэладағы жойқын жер сілкінісінің салдарынан кем дегенде 32 адам қаза тауып, 700-ден астам адам жарақат алғаны хабарланды. Қаза тапқандар мен зардап шеккендер саны артуда.