Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Біріккен Корольдігіндегі жаңадан тағайындалған елшісі Әлібек Бақаевты қабылдады, деп хабарлайды Ақордаға сілтеме жасаған astana24.com.
Әңгімелесу барысында президент қазақ-британ көпжоспарлы ынтымақтастығын одан әрі дамытуға қатысты негізгі міндеттерді айқындаған.
"Мемлекет басшысы Қазақстан Республикасы мен Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Біріккен Корольдігі арасындағы Стратегиялық серіктестік және ынтымақтастық туралы келісімді іс жүзінде тиімді жүзеге асыруға, саяси диалогты жандандыруға, сауда-экономикалық және инвестициялық ықпалдастықты кеңейтуге, сондай-ақ энергетика, көлік, инновация және білім салаларындағы бірлескен жобаларды ілгерілетуге күш-жігер жұмылдыруды тапсырды", – делінген хабарламада.
Естеріңізге сала кетейік, өткен аптада сыртқы істер министрінің бұрынғы орынбасары Әлібек Бақаев Қазақстанның Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Біріккен Корольдігіндегі төтенше және өкілетті елшісі болып тағайындалған еді.
Ал кеше Тоқаев Эндрю Бернемді Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Біріккен Корольдігінің премьер-министрі қызметіне кірісуімен құттықтады.
