in

Тоқаев Маңғыстауда қаза тапқан әскери қызметшілерді бір минут үнсіздікпен еске алды

Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыда "Қазақстан – Қытай" инвестициялық форумында Маңғыстау облысында қаза тапқан әскери қызметшілерді бір минут үнсіздікпен еске алды, деп хабарлайды Ақорда.

Президенттік баспасөз қызметінің хабарлауынша, бүгін президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыда "Қазақстан – Қытай" инвестициялық форумына қатысып жатыр.

Жиын басталмас бұрын форум қонақтары Маңғыстау облысындағы қайғылы оқиға салдарынан қаза тапқан әскери қызметшілерді бір минут үнсіздікпен еске алып, рухына тағзым етті.

Маңғыстаудағы әскери қызметшілердің қазасы

24 қыркүйекте Маңғыстау облысында ҚР Қарулы күштері Әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығуы кезінде қайғылы оқиға болды. Каспий теңізінің жағалауында оқу-жауынгерлік міндеттерді орындау барысында ауа райы күрт нашарлап, желдің күшеюі салдарынан әскери қызметшілерді теңізге алып кеткен.

Қорғаныс министрлігінің алдын ала берген ақпаратында теңізге алып кеткен 19 әскери қызметшінің тоғызы қаза тапқаны айтылған. Үш әскери қызметші құтқарылған, олардың біреуі ауруханаға жатқызылған.

Бас прокуратура Ақтау гарнизонындағы оқу-жаттығу кезінде әскери қызметшілердің қаза табу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.

Сондай-ақ әскери қызметшілердің қаза болу себептерін тергеп-тексеру бойынша үкіметтік комиссия құрылды.

Ақтаулық блогер Азамат Сәрсенбаев Маңғыстау облысында төтенше жағдай болған жерден видео жариялады.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қайғылы оқиға салдарынан қаза тапқан әскери қызметшілердің туған-туыстарына көңіл айтты.

Артынша, мемлекет басшысы ертең, 25 қыркүйекті республика бойынша жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады.