in

Азиада-2026: бокстан үш дүркін әлем чемпионы Назым Қызайбай жарыс жолынан шығып қалды

Бокстан үш дүркін әлем чемпионы Назым Қызайбай Жапонияда өтіп жатқан ХХ жазғы Азия ойындарында алғашқы жекпе-жегінде жеңіліс тапты, деп хабарлайды astana24.com тілшісі.

54 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түскен боксшы шаршы алаңда қытайлық Чжао Суаньмен кездесті. Жоғары рейтингінің арқасында екі қарсылас та жарыс жолын бірден 1/8 финалдан бастады.

Жекпе-жек үш раундқа созылды. Алғашқы екі раундта төрешілердің басым бөлігі жеңісті қытайлық спортшыға берді. Үшінші раундты да төрешілер Чжао Суаньның еншісіне жазды. Нәтижесінде қытайлық боксшы төрешілердің шешімімен 4:1 есебімен жеңіске жетті.

Осылайша, Назым Қызайбай 2026 жылғы Азия ойындарындағы жарыс жолын аяқтады. Ол өткен екі Азиадада ширек финалда жеңілген еді.

Айта кетейік, бұған дейін 80 келіде өнер көрсететін Сабыржан Аққалықов жарыс жолынан шығып қалған болатын.