Қазақстанда облыстық шақыру комиссиялары енді аудандық комиссиялардың әрекеттерін тексере алады және қажет болған жағдайда олардың шешімінің күшін жоя алады, деп хабарлайды astana24.com.
Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкінің сайтында биыл 14 шілдеде қабылданған ҚР үкіметінің жаңа қаулысы жарияланды.
Құжат "Қазақстан Республикасы үкіметінің кейбір шешімдеріне және Қазақстан Республикасы премьер-министрінің өкімдеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" деп аталады.
Енді облыстық комиссиялар азаматтардың шағымын қарауға, әскери қызметтен босату мен кейінге қалдыру туралы шешімдердің дұрыстығын бақылауға, сондай-ақ аудандық шақыру комиссияларының қызметіне басшылық етуге өкілетті болды.
Құжатта облыстық комиссиялар төменгі сатыдағы комиссиялардың шешімін жоя алатыны көрсетілген.
"Облыстық (астананың немесе республикалық маңызы бар қаланың) әскерге шақыру комиссиясы аудандық (облыстық маңызы бар қала) әскерге шақыру комиссиясының әскери қызметке шақырудан босату туралы шешімінің дұрыс еместігін анықтағанда оның күшін жою туралы шешім қабылдайды", – делінген хабарламада.
Сондай-ақ азамат әскери қызметке шақырылуы, кейінге қалдыра алуы, босатылуы немесе әскери есептен шығарыла отырып, әскери міндетті орындаудан толық босатылуы мүмкін.
Сонымен қатар облыстық шақыру комиссияларының шешімдері Қорғаныс министрлігінің ақпараттық жүйесінде электрондық цифрлық қолтаңбаны пайдалану арқылы электрондық түрде ресімделеді.
