in

"Келер ұрпаққа не қалдырамыз деген ой мазалайды": Қасым-Жомарт Тоқаев Каспий саммитінде сөз сөйледі

Тоқаев Каспий экология саммитінде сөз сөйледі. Президент Каспий теңізіне қатысты өзекті проблемаларды атады, деп хабарлайды Ақорда.

"Егер қазір жедел әрі батыл шаралар қабылданбаса, экологиялық жағдай күрт нашарлауы ықтимал. Бұл Каспий маңында орналасқан елдердің халқына ғана емес, әлемдік қоғамдастыққа да зардабын тигізеді. 2000 жылдан 2025 жылға дейін тартылған теңіз аумағы 16 мың шаршы шақырымнан асты. Жекелеген учаскелерде су жағадан ондаған шақырымға дейін алыстап кеткен. Каспийге келіп құятын өзен суының азаюы, климаттың жылынуы, антропогендік жүктеменің артуы нәзік табиғи жүйе мен теңіздің биоалуантүрлілігіне өте жағымсыз әсер етіп, орасан нұқсан келтіреді. Каспий итбалықтарының ахуалы қатты алаңдатады. Соңғы ғасырда олардың саны 1 миллионнан 270 мыңға дейін азайды", – деді мемлекет басшысы.

"Каспийді сақтап қалу – замандас мемлекет қайраткерлері үшін жауапкершілік қана емес, арымызға сын"

Президенттің айтуынша, Каспийдің мүшкіл халін аймақтағы ауқымды климаттық өзгерістен бөліп қарауға болмайды. Қасым-Жомарт Тоқаев осы ғасырдың соңына қарай өңірдің кей жерлерінде температура 5 градусқа дейін көтерілуі мүмкін деп болжанғанын жеткізді.

"Бұл мұздықтардың еруін тездетіп, су тапшылығына, қуаңшылыққа және жердің тозуына әкеп соғады. Дүниежүзілік банктің бағалауынша, 2050 жылға қарай өңірдегі шамамен 2,5 миллион адам климат факторларының әсерінен қоныс аударуға мәжбүр болуы мүмкін.

Каспий теңізінің тартылуы кеме қатынасына және порт инфрақұрылымына, сондай-ақ балық шаруашылығы, энергетика, өнеркәсіп сияқты салалар мен жағадағы елді мекендердің орнықты дамуына қатер төндіреді. Әңгіме салдары ауыр, тіпті ауқымды экологиялық апатқа ұрындыратын күрделі сын-қатерлер туралы болып отыр. Қазақстан мұндай олқылықтың орны толмайтынын жақсы түсінеді.

Арал қасіреті табиғатты жауапсыз пайдаланудың соңы қайда апарып соғатынын ұдайы еске салады. Ондай жағдайдың қайталануына ешқашан жол бермеу керек. Бір кездері "Ұлы теңіз", "Қарт Каспий" деп ардақтаған айдынды сақтап қалу – замандас мемлекет қайраткерлері үшін жауапкершілік қана емес, арымызға сын. Келер ұрпаққа не қалдырамыз деген ой мазалайды. Балаларымыз бен немерелеріміздің Каспийді қандай күйде көретіні бүгінгі қабылдайтын шешімдерімізге тікелей байланысты", – деді мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның экологиялық түйткілдерге халықаралық және ұлттық деңгейде ерекше назар аударып отырғанына тоқталды.

"Біз табиғатты аялау құндылықтарын насихаттау қажет деп ойлаймыз. Бұл қағидаттардың жаңа Конституциямызда көрініс табуы бекер емес. Негізгі заң азаматтарды табиғат пен оның байлығына жанашырлықпен қарауға міндеттейді, сондай-ақ адамдардың тұрмысы мен денсаулығына қолайлы қоршаған ортаны қорғау ісінде мемлекетке жауапкершілік жүктейді. "Таза Қазақстан" жалпыұлттық қозғалысы миллионға жуық волонтерді біріктіріп, жаңа экологиялық мәдениет қалыптастырудың нақты құралына айналды. Біз қарапайым әрі іргелі қағидаттарды басшылыққа аламыз. Яғни экономикалық даму мен табиғатты қорғау өзара қайшы емес, керісінше бір-бірін толықтыратын мақсаттар саналады, – деді президент.

Мемлекет басшысы орны толмастай көрінген апаттан кейін табиғатты қайта түлетуге қатысты жарқын мысалдар келтірді

"Біз Солтүстік Арал теңізінің айдынын 36 пайызға ұлғайта алдық. Соның нәтижесінде судың сапасы жақсарып, балық қоры қайта қалпына келді. Теңіз маңындағы аумақтардың тұрмыс-тіршілігіне қан жүгірді. Биоалуантүрлілікті сақтау – экологиялық саясатымыздың маңызды бағыты. Дәйекті шаралардың арқасында киік саны өсті. Қар барысының популяциясы сақталып отыр. Жануарлардың сирек түрлері табиғи ортаға оралуда. Осы оң тәжірибені Каспий теңізінің бірегей экожүйесін сақтау үшін қолдануға болады деп ойлаймыз.

Біз Тұран жолбарысын қалпына келтіруді көздейтін арнайы бағдарламаны қолға алдық. Осы орайда, бірнеше Амур жолбарысын елімізге жерсіндіруге бергені үшін президент Владимир Путинге және Ресей Федерациясының үкіметіне ризашылығымды білдіремін. Қазір олар жергілікті табиғат жағдайына ойдағыдай бейімделуде", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қасым-Жомарт Тоқаев саммит қатысушыларының назарын бірқатар негізгі бағытқа аударды

"Каспий маңындағы елдерде деректердің, ғылыми зерттеулер мен бақылаулардың мол қоры бар. Дегенмен ол бірыңғай жүйе ретінде жұмыс істесе, анағұрлым тиімді болар еді. 2024 жылы Қазақстан Каспий теңізі ғылыми зерттеу институтын құрды. Кешенді зерттеулер жүргізіп, бейімделудің ортақ жоспарын әзірлеу үшін Каспий маңы елдерінің ғылыми орталықтары мен осы институттың әлеуетін толықтай жұмылдырған жөн", – деді Қазақстан президенті.

Мемлекет басшысы Каспий экожүйесін басқаруға арналған заманауи технологияларды қолданудың өзектілігіне баса мән берді.

"Су ресурстарының жай-күйі, жағалаудың өзгеруі, биоалуантүрлілік, ластану, өзен ағыны және басқа да негізгі параметрлер бойынша мәліметтерді өңдеп, талдау үшін бірыңғай цифрлық платформа құру мүмкіндігін қарастыруды ұсынамын. Спутниктік технологиялар, жасанды интеллект және болжам жасаудың заманауи жүйелері нақты уақыт режимінде мониторинг жүргізуге, экологиялық сын-қатерлерді уақтылы анықтап, реттеуге мүмкіндік береді. Мұндай платформа ғалымдарымыздың, салалық мемлекеттік органдардың және халықаралық ұйымдардың жұмысына ортақ цифрлық негіз болады", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент Каспийдегі биоалуантүрлілікті сақтау үшін қосымша шараларды қолға алудың маңызына тоқталды.

Оның пікірінше, теңіздің тартылуы, табиғи өмір сүру ортасының өзгеруі, ластану және антропогендік жүктеменің артуы уылдырық шашатын орындарды қалпына келтіру, сондай-ақ өзен аңғарларындағы экожүйені, флора мен фаунаның ерекше осал түрлерін қорғау жұмыстарын күшейтуді талап етеді.

"Солтүстік Арал тәжірибесі инженерлік шаралар мен табиғатқа бағдарланған ғылыми тәсілдерді ұштастыру су шаруашылығына қатысты және экологиялық міндеттерді тиімді шешуге мүмкіндік беретінін көрсетті. Сонымен қатар жағалаудағы аумақтарды сақтап, климаттық өзгерістердің салдарын жеңілдетуге болатынын дәлелдеді. Заңсыз балық аулауға және биологиялық ресурстардың көлеңкелі айналымымен күреске баса мән беру қажет. Бұл мәселені ұжымдық күш-жігер арқылы ғана шешуге болады.

Құқық қорғау және табиғатты қорғау органдары арасында ақпарат алмасуды жандандырып, бірлескен жедел іс-шаралар өткізу қажет. Цифрлық мониторинг құралдарын қолданғанымыз жөн. Қазақстан осы ортақ жұмысқа Каспий итбалығы мен оның тіршілік ету ортасын сақтау мақсатында құрылған мемлекеттік табиғи резерват әлеуетін жұмылдыруға әзір. Итбалықтардың тіршілік циклі үшін өте маңызды аймақтарда антропогендік әсерді барынша азайту мақсатында экологиялық дәліздерді сақтау мәселесіне де баса мән берген жөн. Сайып келгенде, Каспийді итбалықсыз елестету мүмкін емес.

Еліміз Биоалуантүрлілікті сақтау жөніндегі халықаралық қор құру жұмысын қолға алды. Оның мақсаты – табиғатты қорғау ісінде әлемдік қоғамдастықтың күш-жігерін біріктіру. Каспий теңізінің бірегей экожүйесі мен сирек кездесетін түрлерді қорғау қор қызметінің маңызды бағыттарының бірі болады. Қор жұмысына белсенді атсалысып, бірлескен нақты жобаларды іске асыруға шақырамын", – деді мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев Каспий теңізін сақтауға және анағұрлым перспективті жобалардың пулын қалыптастыруға халықаралық деңгейде күш салу қажет екенін атап өтті

"Мұндай жобалар Каспий акваториясы мен оған құятын өзендердің алаптарын да қамтуға тиіс. Су ағынын, өзен атыраулары мен сулы-батпақты аумақтарды қалпына келтіріп, гидротехникалық құрылыстардың жағдайын жақсарту керек. Аталған жұмыстарды гранттар, жеңілдетілген несие және климаттық қаржыландырудың басқа да арналары есебінен жүргізуге болады. Солай болуға тиіс, – деді Қазақстан президенті.

Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы Тегеран конвенциясының тұрақты Хатшылығын толық жасақтау өте маңызды деп санайды.

"Бізге шешімдердің сабақтастығын қамтамасыз етіп, жоғары деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтардың толық іске асуын қадағалайтын және қызметін үйлестіретін пәрменді тетік керек. Қазақстан БҰҰ аясында Халықаралық су ұйымын құру бастамасын жалғастырады. Өйткені Каспийдің экологиялық жай-күйіне баса назар аудара отырып, су ресурстарын жаһандық басқарудың тиімділігін арттыру – баршаға ортақ міндет. Су қауіпсіздігі азық-түлік, энергетикалық және климаттық қауіпсіздікпен бірге халықаралық күн тәртібінде лайықты орын алуға тиіс", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент атап өткендей, Каспий – мемлекеттік шекараға бағынбайтын біртұтас экожүйе. Сондықтан халықаралық ұйымдар және қаржы нарықтары аясында үйлесімді іс-әрекет болмаса, табысқа жету мүмкін емес.

"Бізде жемісті жұмыс атқаруға қажеттінің бәрі бар. Яғни саяси диалог орнаған, халықаралық-құқықтық база, салалық институттар мен айтарлықтай ғылыми әлеует қалыптасқан. Бірлескен күш-жігердің арқасында халықтарымыздың тіршілік көзі мен баянды болашағының кепілі саналатын Каспий теңізін сақтай алатынымызға сенімдімін", – деді Мемлекет басшысы.

Саммитте Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов, Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев, Иран Президенті Масуд Пезешкиан және Ресей Президенті Владимир Путин сөз сөйледі.