Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түрікменстанға жұмыс сапары аясында ел президенті Сердар Бердімұхамедовпен кездесті, деп хабарлайды Ақордаға сілтеме жасаған astana24.com.
Қазақстан президентінің баспасөз қызметінің мәліметінше, кездесуде Қасым-Жомарт Тоқаев ықыласпен қарсы алып, қонақжайлық танытқаны үшін Түрікменстан президентіне алғыс айтқан.
Сондай-ақ достыққа, тату көршілікке және өзара қолдауға негізделген қазақ-түрікмен қарым-қатынасының жоғары деңгейде екенін атап өткен.
Кездесуде тараптар ықпалдастықтың барлық бағытында оң динамика байқалатынына тоқталған.
Мемлекеттер басшылары бұған дейін қол жеткізілген уағдаластықтарды, сондай-ақ энергетика, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, көлік және басқа да салалардағы бірлескен перспективті жобаларды жүзеге асыру барысын талқылаған.
Бұдан бөлек, мәдени-гуманитарлық байланыстарды кеңейтуге баса назар аударылған.
Сонымен қатар алдағы бірлескен іс-шаралар кестесі қарастырылған.
