АҚШ президенті Дональд Трамп Нобель бейбітшілік сыйлығын алуға лайық екенін, бірақ оған "мұқтаж емес" екенін мәлімдеді, деп хабарлайды astana24.com "Интерфакске" сілтеме жасап.
Ақ үй басшысы Дональд Трамп халықаралық тұрақтылықты сақтаудағы еңбегін мойындату үшін Нобель бейбітшілік сыйлығы қажет емес екенін айтты.
"Мен сегіз соғысты тоқтаттым. Мен тұтқынға алынғандардың бәрін қайтардым. Мен миллиондаған адамның өмірін сақтап қалдым. Сыйлықты алсам да, алмасам да, мен бұдан әлдеқайда көп нәрсе істедім", – деп жауап берді ол журналистердің алдағы Нобель бейбітшілік сыйлығын тапсыру рәсімі туралы сұрағына.
Ол сондай-ақ алдыңғы лауреат – Венесуэла оппозициясының көшбасшысы Мария Корина Мачадоның мәлімдемесін еске салды. Трамптың сөзінше, ол "тарихта ешкім бұл марапатқа президент Трамптан артық лайық емес" деп айтқан.
Трамп егер Нобель комитеті сыйлықты өзіне бермесе, бұл шешім олар үшін "үлкен сын" болатынын атап өтті.
Контекст
Еске сала кетейік, былтыр қазанда Нобель бейбітшілік сыйлығын Дональд Трамп емес, оған үміткер болған венесуэлалық саясаткер Мария Корина Мачадо алғаны белгілі болды.
Осыдан кейін Дональд Трамп Нобель бейбітшілік сыйлығы берілмегендіктен, енді бейбітшілік туралы ойлауға міндетті емес екенін және тек АҚШ-тың мүддесін ғана қорғайтынын мәлімдеді. Сондай-ақ ол сыйлықты алуға енді қызығушылық танытпайтынын айтқан.
2026 жылғы 3 қаңтардағы оқиғадан кейін Мачадо Николас Мадуроны тұтқындағаны үшін Дональд Трампқа бейбітшілік сыйлығын беру керек деп мәлімдеді. Көп ұзамай Мачадо өзінің Нобель бейбітшілік сыйлығының медалін Дональд Трампқа табыстағанын хабарлады.
