ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Жанболат Үсенов Қазақстан азаматтарының Ресейдегі қақтығыс аумағынан оралғаны туралы тараған қауесетке қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды astana24.com.
ҚР СІМ ресми өкілі Telegram-дағы арнасында жазуынша, әлеуметтік желілерде 14 Қазақстан азаматы бүгін қақтығыс аумағынан Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы елшілігіне жеткізіледі деген расталмаған мәлімет тарап жатыр.
"Сыртқы істер министрлігі бұл ақпараттың шындыққа сәйкес келмейтінін ресми түрде мәлімдейді.
Бұл тақырыптың қоғам үшін, әсіресе азаматтарымыздың туған-туыстары үшін қаншалықты маңызды екенін толықтай түсінеміз. Сондықтан тексерілмеген мәліметтерді таратуға мүлдем жол берілмеуі тиіс. Мұндай ақпарат жақындарынан хабар күтіп отырған отбасыларды адастырады, негізсіз үміт тудырады әрі азаматтарды қорғау жөніндегі министрліктің жұмысына кері әсерін тигізуі мүмкін", – деді Жанболат Үсенов.
Оның айтуынша, министрлік Ресей тарапымен түрлі деңгейде жұмысын жалғастырып келеді. Мәселе тұрақты бақылауда. Бұл жұмыстың нәтижелері туралы СІМ қосымша хабарлайды.
"Азаматтар мен БАҚ өкілдерін тек ресми дереккөздерге сүйенуге шақырамыз. Қазақстан Республикасының заңнамасында жалған ақпарат таратқаны үшін жауапкершілік көзделгеніне назар аударамыз", – деді СІМ өкілі.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін әлеуметтік желілерде алданып қалып Ресейдегі соғыс қимылдары жүріп жатқан аймаққа тап болғанын айтқан қазақстандықтардың үндеуі тараған еді.
Кейінірек Қазақстан СІМ бұған қатысты пікір білдіріп, азаматтардың өтініші бойынша тиісті шаралар қолға алынғанын және оларды елге қайтару жөнінде келіссөздер жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.
