in

Көлік прокурорлары жол жөндеуге бөлінген 10 млрд теңгеге жуық қаражаттың ысырап болуына жол бермеді

Көлік прокурорлары республикалық маңызы бар автожолдарды жөндеуге бөлінген 9,8 млрд теңгеге жуық қаражаттың тиімсіз жұмсалуының алдын алды, деп хабарлайды astana24.com.

Бас көлік прокуратурасының ресми сайтында хабарланғандай, жол жобаларын зерделеу барысында "РФ шекарасы (Самараға) – Шымкент" автожолын орташа жөндеу кезінде оның жекелеген учаскелері "Ұлғайсын – Сексеуіл" автожолын жоспарланған реконструкциялау жұмыстарымен де қамтылғаны анықталды.

Осыған байланысты жұмыс көлемдері қайта қаралып, нәтижесінде 7,1 млрд теңге үнемделді.

Одан бөлек "Жетібай – Жаңаөзен – Кендірлі – Түрікменстан шекарасы" автожолын күрделі жөндеу кезінде сметада жекелеген материалдар мен жұмыстар үшін баға дұрыс көзделмеген.

Прокуратураның ұсынысы негізінде сметалық құн қайта есептеліп, жоба құны 21,6 млрд теңгеден 18,9 млрд теңгеге дейін төмендетілді.

Жол саласындағы бюджет қаражатының жұмсалуына қадағалау жалғасады.