in

Тоқаев қорғаныс министрінің екі орынбасарын және Әскери-теңіз күштерінің бас қолбасшысын қызметінен босатты

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қорғаныс саласындағы жоғары лауазымды үш тұлғаны қызметінен босату туралы өкімдерге қол қойды, деп хабарлайды Ақордаға сілтеме жасаған astana24.com.

Мемлекет басшысының өкімдерімен Қаныш Асанханұлы Әбубәкіров Қазақстан Республикасы қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – ҚР Қарулы Күштері бас штабының бастығы лауазымынан босатылды. Ол бұл қызметке 2026 жылғы қаңтарда тағайындалған болатын.

Сондай-ақ Алмаз Дженишевич Джумакеев Қазақстан Республикасы қорғаныс министрінің орынбасары лауазымынан босатылды. Ол бұл қызметке 2026 жылғы наурызда тағайындалған еді.

Бұдан бөлек, Қанат Серікқалиұлы Ниязбеков ҚР Қарулы Күштері Әскери-теңіз күштерінің бас қолбасшысы лауазымынан босатылды. Қанат Ниязбеков бұл қызметке 2025 жылғы тамызда тағайындалған болатын.

Маңғыстаудағы трагедия

Естеріңізге сала кетейік, 24 қыркүйекте Маңғыстау облысында ҚР Қарулы күштері Әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығуы кезінде қайғылы оқиға болды. Оқу-жауынгерлік тапсырманы орындау барысында ауа райының кенеттен әрі күрт нашарлап, жел екпінінің күшеюі салдарынан ашық теңізге 17 әскери қызметшіні алып кетіп, олардың 14-і қаза тапты.

Үш әскери қызметші құтқарылып, біреуі ауруханаға жатқызылды.

Оқиғаға байланысты Қылмыстық кодекстің екі бабы бойынша іс қозғалып, Қорғаныс министрлігі жүйесінен бес лауазымды тұлға ұсталды.

Қайғылы оқиғадан кейін Дәурен Қосанов қорғаныс министрі лауазымынан босатылды. Оның орнына Айдос Мырзахметов тағайындалды.

Маңғыстауда әскери қызметшілердің қазасынан кейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қорғаныс министрлігіндегі істердің жай-күйіне кешенді тексеру жүргізу жөніндегі комиссия құру туралы өкімге қол қойды.