in

Экс-депутат Татьяна Савельева қорғаныс министрінің орынбасары болып тағайындалды

Құрылтайдың бұрынғы депутаты Татьяна Савельева қорғаныс министрінің орынбасары қызметіне келді, деп хабарлайды Ақордаға сілтеме жасаған astana24.com.

"Татьяна Михайловна Савельева Қазақстан Республикасы қорғаныс министрінің орынбасары лауазымына тағайындалды", – делінген Ақорда таратқан хабарламада.

Бұған дейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев Әскер Бейсеновті қорғаныс министрінің орынбасары лауазымынан босатқан еді. Ал Құрылтай депутат Татьяна Савельеваның өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы қаулы қабылдаған болатын.

Құрылтай сайтындағы мәліметке сүйенсек, Татьяна Савельева 1976 жылы 11 сәуірде туған. 2001 жылы Ақмола аграрлық университетін, ал 2007 жылы Еуразия ұлттық университетін аяқтаған.

Еңбек жолын 1999-2002 жылдары Астана қалалық Қаржы басқармасында бастап, 2002 жылы ҚР Қаржы министрлігінде жұмыс істеген.

2002-2008 жылдары ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінде, ал 2012-2016 жылдары ҚР Қаржы министрлігінде басшылық лауазымдарды атқарған.

2016-2023 жылдары Қазақстан Республикасы қаржы вице-министрі болған.

2023-2026 жылдары VIII шақырылымдағы ҚР парламенті мәжілісінің депутаты болды, онда Қаржы және бюджет комитетінің хатшысы, сондай-ақ төрағасы қызметтерін атқарды.

Ал 2026 жылы Құрылтай депутаты атанды.