in

"Өте ақылды, дана кісі": Жұлдыз Өмірғали Айқынның бірінші әйелімен арақатынасы жайлы айтты

Танымал әнші әрі актриса Жұлдыз Өмірғали күйеуі Айқын Төлепбергеннің бірінші жары Әселмен арақатынасы жайлы ағынан жарылды. Бұл туралы astana24.com "Мамский әңгіме" YouTube-подкастына сілтеме жасап хабарлайды.

Жұлдыз бен Әселдің әлеуметтік желіде бір-біріне пікір жазып жататынын байқаған подкаст жүргізушісі Айнұр Ілиясова әншіден Әселмен қашаннан бері сәлемі түзу екенін және мұндай қарым-қатынасқа қалай қол жеткізгенін сұрады.

Жұлдыз Өмірғалидің айтуынша, "түзу әрі тұрақты" қарым-қатынастың артында үлкен еңбек пен үшжақты мәміле жатыр.

"Бұның барлығы, менің ойымша, Айқынның арқасында. Ол өз ісіне толықтай жауап беретінін, ер азамат ретінде сөзінде тұратынын, ешкімді кемсітпейтінін, барлығы теңдей өмір сүретінін айтты. Бұл жерде үш жақтан да үлкен төзімділік, сабырлық пен түсіністік болды. Мен де, Айқын да, Әсел де балалардың психологиялық жағдайын ойладық", — деді әнші.

Жұлдыздың айтуынша, олар балалардың әкесін көре алмай қалуына немесе бауырлардың бөлініп өсуіне жол бермеуді мақсат еткен. Бүгінде Айқынның екі некесінен туған балалары бір мектепте бірге білім алып жүр.

Сондай-ақ Жұлдыз Әселді дана адам санайтынын жасырмады.

"Ол кісі өте ақылды, дана. Қазіргі таңда жазушы, әдемі кітаптар шығарып, оқырмандарын қуантып жүр. Өз кәсібін тапты. Балалардың толыққанды жан-жақты дамуына көп күш-қуат жұмсайды", — дейді Жұлдыз.

Әншінің сөзінше, ол Әселмен бір шаңырақта, бір дастарханда отырған емес, тек сырттай таниды, десе де балалардың мәселесі бойынша жазысып тұрады екен.