in

"Жүрегім қуаныштан жарылардай": белгілі сазгер Қалдыбек Құрманәлі 60 жасын атап өтті (видео)

Алматыда Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, композитор Қалдыбек Құрманәлінің 60 жылдық мерейтойына арналған кеш өтті. Концертте қазақ ән өнерінің дамуына өлшеусіз үлес қосқан тұлғаның авторлық туындылары орындалып,  жезтаңдай әншілер өнер көрсетті, деп хабарлайды Almaty.tv.

Алматыдағы Республика сарайы белгілі композитор, өнер саласында өзіндік қолтаңбасы бар Қалдыбек Құрманәлінің тыңдармандарына лық толды. Мерейтойлық кешке келгендер бұл күнді асыға күткен. Дені "Кірмеші жиі түсіме", "Әнші аға немесе Шәмшімен сырласу", "Шәй ішіп кетсең қайтеді" сынды танымал әндерін сүйіп тыңдайтынын айттты.

"Қалдыбек Құрманәлі – композитор әрі ақын. Бүгін  60 жылдық мерейтойына арналаған ән-кешіне келіп отырмын. Асыға күттік, көңіл-күйім өте тамаша!", – деді қала тұрғыны Гүлмира Қаршалин.

Мерейтойлық кешке Мақпал Жүнісова, Тұңғышбай Жаманқұлов, Сәкен Жақсылықұлы, Жұбаныш Жексенұлы, Жеңіс Ысқақова сияқты жезтаңдай әншілер қатысып, композитордың 30-ға жуық әні орындалды. Қалдыбек Құрманәліні әріптестері тек сазгер емес, өнер адамдарының басын қосып, ұйытқы болып жүрген азамат ретінде бағалайтынын айтты.

"Халық сені қошеметтеп, кешіңе келіп жатса, зал толы болса, қалай қуанбайсың?! Жаралы жүрегім қуаныштан жарылардай қуанып тұрмын. Алматы – мен үшін қимас, керемет қала. Шуақты күндерім өткен қала ретінде есімде қалады.

Бүгінгі кешімде 30-ға жуық ән орындалады. Мен көп ән жазған жоқпын, барыммен халық құрметтейді. Соған ризамын!", – деді композитор, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Қалдыбек Құрманәлі.