in

"Қиянат көрдің бе қабырғаңнан": Мөлдір Мұқанова тұрмыстық зорлық құрбандарына ән арнады

Белгілі әнші, продюсер Мөлдір Мұқанова тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арнап "Солған гүл" атты ән шығарды, деп хабарлайды Aikyn.kz.

Ол туындыны қоғамда зорлық-зомбылыққа қатысты ауыр оқиғалар жиілеген тұста елге арнаған жұбанышы ретінде түсіндірді.

М.Мұқанова әлеуметтік желідегі парақшасында бұл жазбаны біреудің қайғысы мен өлімін хайпқа айналдыру мақсатында жасамағанын атап өтті.

"Менің бұл жазбам – біреудің өмірінен хайп табу немесе біреудің өліміне айып тағу емес. Мен жылағанда ел жұбатты, ел жылағанда мен жұбатпаймын ба?", – деп жазды ол.

Әннің сөзін де, әуенін де Ерболат Қарақойшы жазған. Туындыны Мөлдір Мұқанова орындады.

"Солған гүл" әніне түсірілген видеода тұрмыстық зорлықтың құрбаны болған Салтанат Нүкенова мен Мадина Рашидованың, сондай-ақ алып қашудың құрбаны Нұрай Серікбайдың бейнелері көрсетілген.

Ән мәтінінде зорлық-зомбылықтан зардап шеккен әйелдердің тағдыры суреттеледі.

"Қиянат көрдің бе қабырғаңнан, Мезгілсіз сөндің бе жаңылғаннан, "Жаным" деп жүргендер жаныңды алған", – деген жолдар кездеседі.