Бүгін мәжілістің жалпы отырысында депутат Жарқынбек Амантайұлы Қазақстандағы мектеп бітіру кештеріне қатысты мәселе көтеріп, мұндай іс-шараларды өткізудің бірыңғай тәрбиелік стандартын әзірлеуді ұсынды, деп хабарлайды astana24.com.
Депутаттың айтуынша, мектеп бітіру – әр азаматтың өміріндегі маңызды белес.
Алайда кейінгі жылдары мектеп бітіру рәсімі тәрбиелік мазмұнынан алыстап, әлеуметтік бәсекенің, дарақылықтың және орынсыз даңғазалықтың көрінісіне айналып бара жатқаны қоғамды алаңдатып отыр.
"Биылғы соңғы қоңырау кезінде еліміздің бірнеше өңірінде қымбат автокөліктен құралған кортеждер ұйымдастырылып, жол қозғалысы ережесі өрескел бұзылды. Алматы қаласында мектеп түлектерінің автокортежіне байланысты 21 кәмелетке толмаған баланың ата-анасы жауапкершілікке тартылды. Ал Маңғыстау облысында түлектердің қымбат көліктермен шеру өткізіп, әлеуметтік желіде сән-салтанатты насихаттаған видео кеңінен тарады", – деді Жарқынбек Амантайұлы.
Оның айтуынша, мәселе тек автокортеждермен шектелмейді.
"Биыл қоғамда ерекше талқыланған тағы бір құбылыс – мектеп бітіруші түлектерге арналған алып гүл шоқтарының жарысы болды. Әлеуметтік желіде жүздеген гүлден құралған композициялар, қымбат сыйлықтар мен салтанатты рәсімдер қалыпты жағдай ретінде көрсетілді.
Өкінішке қарай, мұндай бәсеке көптеген отбасыға ауыр психологиялық және қаржылық қысым түсіргені анық. Кейбір ата-аналар баласының қатарынан қалмауы үшін қарыз алуға, бөліп төлеуге гүл немесе сыйлық алуға мәжбүр болғаны ашық айтылуда.
Бұл жағдай әлеуметтік жағдайы төмен отбасының балалары арасында психологиялық тұрғыда оңай болмайтыны белгілі", – дейді Жарқынбек Амантайұлы.
Депутаттың пікірнше, мектеп қабырғасындағы мұндай көріністер жас ұрпақтың санасында тұтынушылық психологияны, жалған бедел мен сыртқы әсерге табынуды қалыптастыруы мүмкін.
Осыған байланысты Жарқынбек Амантайұлы үкіметтен:
