in

Астанада CTS қызметкері автобуста жолаушыны құтқарып қалды

Елордада автобуста кенеттен есінен танып қалған жолаушы әйелге CTS қызметкері алғашқы медициналық көмек көрсетіп, жедел жәрдем келгенше қасында болған, деп хабарлайды мекеменің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған astana24.com.

Астанадағы №4 автобуста жолаушы есінен танып, салонда құлап қалған.

"Осы сәтте автобусқа CTS Көліктік бақылау департаментінің қызметкері Самал Аяғанова кірген. Ес-түссіз жатқан жолаушыны көрген ол дереу алғашқы көмек көрсеткен. Қызметкер 15 минут бойы жасанды дем беріп, жүрегіне массаж жасаған. Нәтижесінде жолаушы есін жиған", – делінген CTS баспасөз қызметінің хабарламасында.

Жедел жәрдем бригадасы келгенге дейін Самал Аяғанова жолаушыға қажетті көмек көрсетуді жалғастырған.

Дәрігерлер келгеннен кейін жолаушы одан әрі медициналық көмек көрсету үшін мамандарға тапсырылған.