in

"Балқаш маңына баруға қорқам": еркіндікке жіберілген Үміт адамдарға шабуылдауы мүмкін бе

Амур жолбарысы тұрғындар мен төрт түлікке шабуылдауы мүмкін бе? Жақында бостандыққа жіберілген жыртқыш туралы жұрт желіде жарыса пікір жазуда. Бірі Балқаш маңына баруға енді қорқатын болдым десе, бірі қоректену қиын болмас па екен деп алаңдайды. Ал мамандар не дейді? Расында жолбарыстан төнетін қауіп бар ма? Бұл сұрақтарға "КТК" тілшісі жауап іздеді.

Үміт атты жолбарыстың аналығы Алматы облысы аумағындағы Іле-Балқаш мемлекеттік табиғи резерватына осыдан үш аптаға жуық уақыт бұрын жіберілген. Жетпіс жыл бұрын жоғалып, қазақ даласына қайта оралған жыртқыш туралы жұрт желіде жарыса жазуда. Бірі Балқашқа баруға енді қорқатын болдым десе, бірі жануардың қорек табуын ойлап алаңдайды.

"70 жылдан соң бірінші жолбарысты еркіндікке шығарыпты. Бір шетінен жақсы шығар. Бірақ қауіпті сияқты. Шатыр құрып, демалып отырғанда, алдыңнан Амур жолбарысы келіп тұрса…", "Неге жіберді екен, аштан өліп қалмасын", "Бұл ертең адамдар мен үй жануарларына шауып жүрмесе болар еді", – деп алаңдаушылық білдірді тұрғындар.

Алайда мамандар алаңдауға "еш негіз жоқ" дейді. Себебі Үміт жүрген резерват аумағы 450 мың гектардан асады әрі бұл жерде қабан, құлан, бұғы секілді жануарлар көп мекендегендіктен, қорек жағынан да қиындық бола қоймайды.

"Қадағалаған кезде аумақтан шығып кету мүмкіндігі жоқ. Неге десеңіздер, ол бақылауда. Жүріс-тұрысы, алған бағыты бақыланып отыр. Шықпайды ол, белгіленген аумағынан. Бұл жолбарыс Балқаш көлінің маңына жіберілген. Аймағында ешқандай үй жануары, я болмаса қандай да бір шаруа қожалықтары жақын мекенде орналаспаған", – дейді Іле-Балқаш мемлекеттік табиғи резерватының бөлім басшысы Нариман Қасабеков.

Тарғыл жолбарыс алға қарай алты, ал жоғарыға қарай үш метр биікке секіре алады. Мамандар халқымыз ежелден бұл жануарды ерекше бағалаған дейді. Алайда Амур жолбарысы мен бұрын мекендеген Тұран жыртқышының айырмашылығы көп екен.

"Жалпы қазақ жерінде мекендеген жолбарыстардың өзіне тән ерекшелік, қасиеттері бар. Әлемде онға жуық әр түрлі жолбарыстардың түрі болатын болса, соның ішіндегі қазақ жерінде мекендегені — Тұран жолбарысы. Немесе Каспий жолбарысы деп атайды. Бұл қазіргі қазақ жеріне әкелініп жатқан Амур, Бенгал, малайзиялық жолбарыстардан гөрі бірнеше есе ірі болған, біріншіден, екіншіден, айбаты жағынан күшті болған", – дейді тарихшы Дәулет Әбенов.

Үміт қазір мамандардың ерекше бақылауында. Жыртқыш бостандыққа жіберілген соң бес адамнан тұратын арнайы топ құрылыпты. Бұл жануар Ресейдің жабайы даласынан ұстап әкелінгендіктен, өз сезімталдығын, түйсігін жоғалтпаған. Сондықтан жерсіну жағынан қиындық жоқ.

Дереккөз: "КТК" арнасы