Алматыда балаға шабуыл жасалды. Оқиғаға куә болған әскери қызметшілер заңға қайшы әрекетті тоқтатып, ер адамды құрықтап, полицияға тапсырған, деп хабарлайды Қорғаныс министрлігіне сілтеме жасаған astana24.com.
Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, бүгін, 5 тамызда сағат 08:00 шамасында Бітімгерлік операциялар орталығының төрт әскери қызметшісі кәмелетке толмаған балаға қатысты заңсыз әрекетті байқап, араша түскен.
"Офицерлер "Атакент" саябағы маңында белгісіз ер адамның балаға шабуыл жасап, оның бетінен жұдырықпен ұрғанына куә болған. Жағдайды жедел бағамдаған әскери қызметшілер еш кідірместен заңға қайшы әрекетті тоқтатты. Олар күдіктіні залалсыздандырып, полиция қызметкерлері келгенге дейін ұстап тұрды", – делінген хабарламада.
Полицейлер оқиға орнына келген соң, ұсталған азамат одан әрі тергеу жүргізу үшін соларға тапсырылған.
Ал зардап шеккен баланың ата-анасы офицерлерге алғысын айтқан.
"Ер адам кәмелетке толмаған ұлымызға шабуыл жасап, оны ұрып жіберген кезде жанында басқа да балалар болған. Олардың барлығы қатты қорқып қалған. Бақытымызға қарай, сол маңда жүрген әскери қызметшілер бейжай қалмай, бірден араласқан. Олар ер адамды ұстап, полиция шақырып, құқық қорғау органдарына тапсырған.
Подполковник Батыр Тұяқовқа, майор Медет Махметовке, капитан Данияр Баймұлдинге және капитан Әсем Әбдірайымоваға батылдығы, жанашырлығы және көмекке дайын болғаны үшін шын жүректен алғыс айтамыз. Олардың батыл әрекетінің арқасында балалардың өміріне қауіп төнбеді", – делінген отбасының алғыс хатында.
