in

Есік қаласында ҰБТ-ға қатысқан талапкерлер тестті қайта тапсыратын болды

Алматы облысындағы Есік қаласында ҰБТ-ға қатысқан оқушылар емтихан кезінде интернеттің істен шығуына байланысты тестті қайта тапсыратын болды, деп хабарлайды astana24.com.

Тестке қатысушылардың бірінің анасы, Threads желісіндегі жазбасында Алматы облысы Есік қаласында ҰБТ кезінде болған интернеттегі ақау туралы айтып, ашуға ерік берген.

"Сөзім жоқ! Ұлым таңғы сағат 9-дан бастап ҰБТ тапсырып отырған, тестілеудің аяқталуына небәрі 20 минут қалғанда тестілеу орталығындағы интернет істен шықты! Тестілеуді уақытында бітіріп, жүйеден шығып үлгермегендердің бәрінің нәтижелері сақталмай қалды.

Емтихан жексенбіге ауыстырылғандықтан, бала бұл күйзелісті қайтадан бастан кешіруі керек", – деп жазды әйел.

Желі қолданушысы тестілеу кезеңінде ғимарат неге резервтік байланыс арналарымен қамтамасыз етілмегеніне таң қалды.

"2026 жылы, балалардың болашағына тікелей әсер ететін елдің басты емтиханы кезінде мұндай техникалық ақау шыққанын қалай түсінуге болады?

Неге қосымша байланыс арналары жоқ? Неге жауаптар әр минут сайын автоматты түрде сақталмайды? Балалар психикалық тұрғыдан шаршаған, ал олардың еңбегі мен жүйкесі біреудің немқұрайлылығынан босқа кетті. Бұл – нағыз жауапсыздық!" – деп жазды ол.

Жазба авторы бұл жағдай Алматы облысының Есік қаласында болғанын айтты.

Мәселеге қатысты Ұлттық тестілеу орталығы жауап берді.

"28 мамырда сағат 11:19-да интернет қызметін көрсететін мердігер компания тарабынан техникалық ақау шықты.

Бірінші ағымда тестілеуді аяқтай алмаған талапкерлер үшін тестілеу 31 мамырдағы бірінші ағымға ауыстырылды. Интернет қызметі қалпына келтірілді. Келтірілген қолайсыздықтар үшін кешірім сұраймыз және түсіністікпен қарағаныңыз үшін алғыс айтамыз", – деп жазды Ұлттық орталық өкілдері.