in

"Жағымсыз иіс шығып, кеміргіштер қаптаған": Алматыда қоқысқа толы пәтер тұрғындарды әбігерге салды

Алматыдағы "Алмагүл" ықшамауданының тұрғындары қоқысқа толған пәтерге алаңдап, шағымданып жатыр. Олардың айтуынша, жағымсыз иіс шығып жәндіктер мен кеміргіштер подъездге тараған. Бұл жағдай бірнеше жылдан бері жалғасып келеді. Аудан әкімдігінің көмегімен пәтердің балконы қоқыстан тазартылған, деп хабарлайды "Хабар" агенттігі.

Жақын маңдағы тұрғындар бұл мәселені бірнеше рет көтеріп, пәтер иелері кооперативінен көмек сұраған. Алайда өзгенің мүлкіне заңсыз кіруге болмайтындықтан, мәселені шешу мүмкін болмаған. Көршілердің айтуынша, пәтерден жағымсыз иіс шығып, жәндіктер мен кеміргіштер тараған. Тіпті жылу маусымында да қиындықтар туындапты. Құбырдан су кетіп, тұрғындар оны өз күштерімен жөндеген.

"Қазір бұл пәтерде ешкім тұрмайды. Сондықтан ішке кіру мүмкін емес, онда аяқ алып жүретін жер де жоқ. Жақында жылыту маусымы басталады. Осыған байланысты пәтерге қатысты түрлі мәселе туындауы мүмкін. Сондықтан оған бәрібір кіруіміз керек. Себебі көппәтерлі үйдегі барлық инженерлік желі өзара байланысты болады", – дейді "Алмагүл" ПИК инженері Татьяна Голубева.

"Шынымды айтсам, мына көріністен шаршадым. Бұл пәтер менің асүйімдегі терезеден көрінеді. Өте жағымсыз әрі қауіпті жағдай деп ойлаймын. Менің көшіп келгеніме екі жыл болды. Бұрыннан тұрып жатқан көршілерімнің айтуынша, мәселе бірнеше рет көтерілген, бірақ нәтиже шықпаған", – дейді қала тұрғыны Айжан Омарова.

Пәтер иесі көптен бері бұл жерде көрінбеген. Сондықтан баспананы толықтай қоқыстан тазарту әзірге мүмкін емес. Тұрғындардың шағымын ескерген әкімдік өкілдері арнайы техникамен пәтердің балконын ғана тазартты.

Көршілердің айтуынша, пәтер иесі қажетсіз заттарды 20 жылдан астам уақыт бойы жинаған. Олар осы уақыт ішінде антисанитариялық жағдайға төзіп келген. Пәтердің балконы бір арнайы техника мен 6 қызметкердің көмегімен тазартылды. Алдағы уақытта учаскелік полицияның көмегімен пәтерге кіру мәселесі қарастырылады.

"Пәтердің меншік иесі анықталғаннан кейін заңнамаға сәйкес, тиісті шаралар қабылданады. Сонымен қатар пәтер иесінің қатысуымен аумақты тазарту бойынша сенбілік ұйымдастырылады. Жиналған қоқысты шығару үшін арнайы техника тартылады. Ең бастысы, қазір осы пәтерге кіру мүмкіндігін қамтамасыз ету қажет", – дейді Бостандық ауданы әкімдігі коммуналдық шаруашылық бөлімінің бас маманы Диар Ұзақов.

Мамандардың айтуынша, қажетсіз заттарды шамадан тыс жинау психологиялық мәселелермен байланысты болуы мүмкін. Мұндай жағдай көпшілік арасында "Плюшкин синдромы" деп аталады. Бұл пәтер иесіне қатысты да тиісті мамандардың қорытындысы қажет. Ал тұрғындар мәселе жақын арада шешіліп, пәтер толықтай тазаланады деп үміттеніп отыр.

Авторы: Гүлжан Көленқызы, Валентин Лобанов