Жетісу облысында кәмелетке толмаған қыздың интимдік фотоларын таратқан күдікті ұсталды. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында күдіктінің 22 жастағы Алакөл ауданының тұрғыны екені анықталды, деп хабарлайды "Астана" телеарнасы.
Тергеу мәліметінше, ол жасөспіріммен тикток желісі арқылы танысып, кейін байланысын басқа мессенджерде жалғастырған. Қыздың сеніміне кіріп, психологиялық қысым көрсеткен, сондай-ақ 20 мың теңге беремін деп уәде етіп, одан интимдік сипаттағы фото мен бейнематериалдарды алған. Артынша оларды жабық арналарда заңсыз таратып, одан пайда көрген.
"Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде. Сондай-ақ оның осыған ұқсас өзге де қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексерілуде", – дейді облыстық полиция департаментінің баспасөз хатшысы. Жанар Қалықова.
