in

Мамырдың соңына дейін орташа жылдамдықты қадағалау жүйесі тағы 18 жол учаскесінде пайда болмақ

Қазақстандағы автожолдарда орташа жылдамдықты қадағалау жүйесі тағы 18 учаскеде енгізіледі. Бұл туралы премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі Ведомствоаралық комиссия отырысында көлік министрі Нұрлан Сауранбаев айтты, деп хабарлайды astana24.com.

Үкіметтің баспасөз қызметінің хабарлауынша, көлік министрі Нұрлан Сауранбаев премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі Ведомствоаралық комиссияда жол инфрақұрылымының қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жаңғыртудың негізгі құралдары туралы баяндады.

Министрдің айтуынша, Қазақстанда 5 жыл ішінде 11 мың шақырым жол жаңғыртылды. Бұл – еліміздегі жол желілерінің жалпы ұзындығының 45 пайызы. Учаскелерді I және II техникалық санаттарға ауыстыру қарама-қарсы бағыттарды бөлу және жүру бөлігін кеңейту есебінен қауіпсіздік деңгейін арттырға мүмкіндік берді. Жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және транзиттік көліктер елді мекендерге соқпауы үшін 65 айналма жол және 38 жерүсті жаяу жүргіншілер өткелі салынды. Кешенді жоспар аясында жыл сайын 8 мыңнан астам жол белгілері мен таңбалары жаңартылып отырады.

"Жол-көлік оқиғаларының негізгі себебі – жылдамдықтың артуы болып қалып отырғандығы ескеріліп, жылдамдық режимін бақылау құралдарына ерекше назар аударылуда. Бүгінгі таңда орташа жылдамдықты қадағалау жүйесі жалпы ұзындығы 2 мың шақырым болатын ең қарқынды 8 ақылы учаскеде енгізілді, бұл шара жол апаттары санын 15 пайызға төмендетуге мүмкіндік берді. Осы оң әсерді ескере отырып, биыл мамырдың соңына дейін ұзындығы 2,9 мың шақырым болатын тағы 18 учаскеде жүйені кеңейту жоспарлануда", – деп атап өтті министр.