Қазақстанда бейнебақылау жүйелеріне қойылатын бірыңғай талаптар әзірленіп, бекітілді. Ол 1 қыркүйектен бастап күшіне енеді, деп хабарлайды Сауда және интеграция министрлігіне сілтеме жасаған astana24.com.
Министрліктің Telegram-дағы арнасында хабарланғандай, Қазақстанда бейнебақылау жүйелеріне қойылатын бірыңғай талаптарды белгілейтін алғашқы ұлттық стандарт бекітілген. Құжат 2026 жылғы 1 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізіледі.
Құжат бейнекамераларды таңдау, орналастыру және пайдалану талаптарын біріздендіруге, сондай-ақ жабдықтардың өзара үйлесімділігін арттыруға бағытталған. Стандарт жобалау, салу және реконструкциялау кезінде көзделетін, кейіннен цифрлық мониторинг жүйелеріне қосылуы мүмкін бейнекамералар мен бейнебақылау жүйелеріне қолданылады.
"Стандарттың негізгі жаңалықтарының бірі бейнекамералардың техникалық сипаттамаларына қойылатын бірыңғай ең төменгі талаптардың белгіленуі. Атап айтқанда, матрица түрі, ажыратымдылығы, жарық сезімталдығы, кадр жиілігі, объективтердің параметрлері, жұмыс температурасының диапазоны, сыртқы әсерлерден қорғау кластары, сондай-ақ жабдықты монтаждау және орналастыру талаптары айқындалды", – деді Сауда және интеграция министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитетінің төрағасы Жанна Есенбекова.
Алғаш рет ұлттық деңгейде бейнекамералардың қолданылу мақсатына қарай жіктелуі белгіленген. Олар:
Сонымен қатар стандартта бейнебақылау жүйелеріне қойылатын жүйелік талаптар бекітілген. Атап айтқанда, олар бейнемәліметтерді үздіксіз тіркеуді, беруді, өңдеуді және кемінде 30 тәулік сақтауды қамтамасыз етуі тиіс.
Бұдан бөлек, жүйелер өзара іс-қимылдың заманауи хаттамаларын қолдауы, ұлттық ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сай ақпаратты қорғауы, сондай-ақ тұлғаларды, көлік нөмірлерін тану және оқиғаларды тіркеуді қоса алғанда, зияткерлік бейнеталдауды қолдану мүмкіндігін қамтамасыз етуі қажет.
