Қазақстанда ветеринарияны дамытудың кешенді жоспары бекітілді. Оның аясында ветеринария қызметкерлерінің жалақысын арттыру көзделген, деп хабарлайды үкіметке сілтеме жасаған astana24.com.
Үкіметтің баспасөз қызметінің мәліметінше, Қазақстанда 2026-2030 жылдарға арналған ветеринарияны дамытудың кешенді жоспары бекітілген.
Жоспардың негізгі басымдықтары – жануарлардың аса қауіпті ауруларына қарсы күрес, ветеринария мамандарының жалақысын көтеру, ветеринариялық ұйымдардың материалдық-техникалық базасын жақсарту және тағы басқалары.
"2030 жылға қарай Ауыл шаруашылығы министрлігінің аумақтық бөлімшелері мен ведомстволық ұйымдарының материалдық-техникалық жарақтандырылуын 80 пайызға дейін жаңарту және толықтыру жоспарланып отыр. Сондай-ақ жергілікті атқарушы органдарға қатысты ветеринариялық ұйымдар қызметкерлерінің еңбекақы төлеу қоры 1,5-2,5 есеге дейін артады", – делінген хабарламада.
Жалпы кешенді жоспарды жүзеге асыру аккредиттеу саласын кеңейте отырып, зертханалық базаны күшейтуге, ел аумағына әкелінетін және ішкі нарықта өткізілетін бақылаудағы жүктерге мемлекеттік бақылауды күшейтуге, сондай-ақ отандық ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің экспорттық мүмкіндігін кеңейтуге мүмкіндік бермек.
