in

Абай облысында аяғына шыны кіріп қансыраған баланы полиция дер кезінде ауруханаға жеткізді

Абай облысында бес жасар баланың аяғына шыны кіріп, ауыр жарақат алған. Полицейлер қансыраған баланы 12 минутта ауруханаға жеткізді, деп хабарлайды astana24.com ІІМ-нің Polisia.kz ақпараттық медиа-порталына сілтеме жасап.

15 тамызда Абай облысының полицейлерінен Семей – Өскемен автожолында Volkswagen автокөлігінің жүргізушісі көмек сұраған.

Көлік жүргізушісі полиция қызметкерлеріне салонда бес жасар баланың аяғынан терең жарақат алып, қатты қансырап жатқанын айтқан.

Жаңасемей ауданына қарасты Гранитный ауылының тұрғыны баласы ойнап жүріп, сыртқа шықпақ болғанын айтқан. Сол сәтте кіреберіс есіктің шынысы сынып, баланың аяғын терең жарақаттаған.

Баланың жағдайының ауыр екенін түсінген полиция қызметкерлері Еламан Масалимов пен Медет Смагулов уақыт жоғалтпай, анасы мен баланы патрульдік автокөлікке отырғызып, облыстық ауруханаға қарай бет алған.

Полицейлер жарақат алған баланы 12 минут ішінде облыстық аурухананың балаларды қабылдау бөліміне жеткізді. Дәрігерлер баланы бірден қабылдап, шұғыл түрде операцияға алып кетті.

"Баламның аяғынан қан тоқтамай, қатты қорқып кеттім. Не істерімді білмей, жолда полицейлерді көріп, көмек сұрадым. Олар бірден бізге көмектесіп, баламды көлікке отырғызды. Бар болғаны 12 минуттың ішінде ауруханаға жеткізді. Мен үшін сол сәтте бұл – үлкен көмек болды. Полицейлерге шын жүректен алғыс айтамын", – деді баланың анасы.