Абай облысындағы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге соңғы төрт жылда 40 млрд теңгеден астам қаржы бағытталды. Қолдаудың бір бөлігі егін егу және жиын-терім жұмыстарын қаржыландыруға арналған "Кең дала 2" бағдарламасы арқылы көрсетіліп келеді.
"Аграрлық несие корпорациясы" АҚ Абай облысы бойынша филиалы 2022 жылғы 13 қазанда жұмысын бастаған. Осы уақыт ішінде өңірдің агроөнеркәсіптік кешенін дамытуға 40 млрд теңгеден астам қаржы бағытталған.
Филиал директоры Берік Нұрмағамбетовтың айтуынша, биыл көктемгі дала және егін жинау жұмыстарына дайындық аясында 199 ауыл шаруашылығы тауарын өндірушіге 13,7 млрд теңге берілген. Бұл қаржы 130,8 мың гектар егіс алқабын қамтуға мүмкіндік берген.
Өткен жылмен салыстырғанда көрсеткіштер де өскен. Атап айтқанда, қаржыландырылған шаруашылықтар саны 16%-ға, қаржыландыру көлемі 52%-ға, ал қамтылған егіс алқабы 30%-ға артқан.
"Бұл көрсеткіштер бағдарламаның ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер арасында сұранысқа ие екенін көрсетеді. Қаржыландырудың уақытылы берілуі көктемгі дала жұмыстарын дер кезінде жүргізуге, егін жинау науқанын қажетті ресурстармен қамтамасыз етуге және жалпы ауыл шаруашылығы маусымын сенімді жоспарлауға мүмкіндік береді", – дейді Берік Нұрмағамбетов.
Қаржыландырудың нақты нәтижесін Бесқарағай ауданындағы "BA AgroGroup" ЖШС мысалынан көруге болады.
Шаруашылықтың жалпы егіс алқабы 40 мың гектарға жуық. Мұнда бидай, күнбағыс және күздік қара бидай өсіріледі. Компания сонымен қатар мал шаруашылығымен және өнім өңдеумен айналысады.
Шаруашылық директоры Талғат Аубакировтың айтуынша, компания Аграрлық несие корпорациясымен бірнеше жылдан бері жұмыс істеп келеді.
"Біз Аграрлық несие корпорациясымен жыл сайын жұмыс істейміз. Қаржыны уақытында береді, филиалда өз ісін жақсы білетін кәсіби мамандар жұмыс істейді. Ерте қаржыландыру механизмі бізге өте қолайлы. Тұқымды, тыңайтқыштарды, дизель отынын қыс мезгілінде арзан бағаға сатып алып қоямыз. Осы қолдаудың арқасында егінді уақытында егіп, жұмысымызды жүйелі жүргізіп келеміз",-дейді Талғат Аубакиров.
Кәсіпкер алдағы уақытта суармалы егіс көлемін ұлғайтуды жоспарлап отырғанын айтты. Қазір шаруашылықта 1,2 мың гектар суармалы жер бар. Жыл сайын тағы 400 гектар жерді айналымға енгізу көзделіп отыр.
Пресс-тур барысында журналистер Жаңасемей ауданындағы "АФ Приречное" ЖШС жұмысымен де танысты.
Ертіс өзенінің жағасында орналасқан агрофирма өсімдік және мал шаруашылығын қатар дамытып келеді. Кәсіпорын қазақтың ақбас және әулиекөл тұқымдарынан асылтұқымды мал өсіру бағытындағы репродуктор мәртебесіне ие.
Шаруашылық сонымен қатар Семей қаласы мен жақын аудандарды көкөніспен қамтамасыз етеді.
Агрофирма Абай облысында қалыптасып келе жатқан ет кластеріне де қатысуда. Кәсіпорын Шақарман ауылындағы ет комбинатымен серіктестік туралы келісімшарт жасасқан. Бұдан бөлек, шаруашылыққа жақын жерде бір мезетте 5 мың бас ірі қара ұстауға арналған бордақылау алаңы салынып жатыр.
Шаруашылықтың жалпы егістік жер көлемі шамамен 3 мың гектарды құрайды. Оның 1,8 мың гектары – суармалы алқап.
Биыл шаруашылықта 13,5 мың тонна сүрлемдік жүгері өндіріліп, жоңышқа мен судан шөбінен шамамен 5 мың тонна пішендеме дайындалған. Сондай-ақ жүгерінің 10 буданы сынақтап өткізіліп, өнімділігі салыстырылған.
Өнімді сақтау үшін агрофирмада жалпы сыйымдылығы 12 мың тонна болатын жеті қойма бар. Олардың бірі голландиялық технологиямен жабдықталған және 4 мың тонна өнім сақтауға мүмкіндік береді.
Аграрлық несие корпорациясы өкілдерінің айтуынша, келесі егін егу маусымына дайындық қазірдің өзінде басталған.
2026 жылғы 1 қазаннан бастап 2027 жылғы көктемгі егін егу және күзгі жиын-терім жұмыстарын қаржыландыруға арналған "Кең дала 2" бағдарламасы бойынша өтінімдер қабылдау басталды.
Абай облысындағы шаруашылықтардың тәжірибесі ерте қаржыландырудың өндіріс үшін қаншалықты маңызды екенін көрсетеді. Қажетті қаражатты алдын ала алған фермерлер тұқым, тыңайтқыш, жанар-жағармай сатып алып, егіс науқанын уақытылы бастап, өндіріс көлемін жоспарлауға мүмкіндік алады.
