in

Алматыда "Жетісу-Семиречье" базарын бұзу жұмыстары басталды (фото)

Алматыда "Жетісу-Семиречье" базары бұзылып жатыр. Сот шешіміне сәйкес, меншік иесі нысанды өз еркімен бұзуға кірісті, деп хабарлайды қалалық әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған astana24.com.

Алматы Қала құрылысын бақылау басқармасының мәліметінше, Түрксіб ауданының Қайрат шағынауданында орналасқан базардың сауда орындарын бұзу жұмыстары басталған.

Бұған дейін жүргізілген тексеру барысында "Статус Construction" ЖШС рұқсат құжаттарынсыз жалпы аумағы 56,4 мың шаршы метр болатын сауда орындарын салғаны анықталған.

"Меншік иесіне қатысты әкімшілік шара қабылданып, заңбұзушылықтарды жою туралы нұсқама берілді. Алайда нұсқама талаптары орындалмағандықтан, басқарма заңсыз нысандарды бұзу туралы талап арызбен Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына жүгінді. Осыдан кейін сот талқылаулары өтті", – делінген хабарламада.

Алматы қалалық сотының қаулысымен мамандандырылған ауданаралық экономикалық соттың заңсыз нысандарды бұзу туралы шешімі өзгеріссіз қалдырылған. Іс материалдары шешімді орындау үшін Әділет департаментіне жолданған.

Сот шешімін орындау мақсатында меншік иесі нысандарды бұзу жұмыстарын өз бетінше бастаған.